Білім министрлігі әкімдіктегілерге ескерту жасады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Әрбір компьютерлік техниканы сатып алу бойынша тікелей жауап бересіздер. Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари жергілікті әкімдіктердегі білім басқармалары басшыларына осылай ескерту жасады, деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі
Жиналыста жергілікті атқарушы органдардың республикалық бюджет қаражаты есебінен компьютерлік техниканы сатып алуы және техниканың жеткізілуі бойынша мәселелер қаралды.
Рүстем Биғари Мемлекет басшысы қойған міндет орындалып, бірінші қыркүйекке дейін оқушыларға қашықтан оқу үшін қажет 500 мыңға жуық компьютер жеткізілгенін атап өтті. Әкімдіктер мектептерге компьютерлік техниканы сатып алу бойынша жұмысты әлі де жалғастырып жатыр. Алайда, бірқатар өңірде техниканы жеткізу мерзімдері, лицензиялық қамтамасыз ету, кепілдік беру және сервистік қызмет көрсетуге байланысты проблемалар туындады.
Біз бұл мәселелерді аппараттық жиналыста бірнеше рет қарастырдық. Бұл – мемлекет қаражаты. Әрбір компьютерлік техниканы сатып алу тікелей сіздердің мойындарыңызда. Ашықтықты толық қамтамасыз ету қажет. Әрбір әкімдік алдымен компьютерлік техниканы тексеріп алған соң ғана оны қабылдап, оқушыларға жеткізулері қажет. БҒМ сатып алу процесіне қатыспайды. Үкімет әкімдіктерге қажет қаражатты жедел беріп, жағдай жасады, – деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари.
Білім алушыларды қажетті ақпараттық ресурстар және компьютерлік техникамен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың игерілуі бойынша сыбайлас жемқорлық көріністерін бақылау әрі болдырмау мақсатында «Adaldyq alańy» жобалық кеңсесінің өкілдері мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік топтарының мүшелерінің қатысуымен мониторинг жүргізу үшін 2020 жылғы шілде айында БҒМ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне хат жолдағанын естеріңізге сала кетейік.
Ия, бұрын-соңды техниканы осындай көлемде сатып алу болған емес. Әрине, пандемия мен логистика мәселелеріне байланысты кедергілер болуы мүмкін. Жеткізушілердің мұндай сылтауларына қарамай, олардан тиісті жұмысты талап етуіміз керек. Қолда бар барлық механизмді пайдалану керек еді. Кепілдік қызмет көрсету, сапа болуы керек, – деді білім және ғылым вице-министрі.