Білім мен ЖИ: Қазақстандық мұғалімдер енді арнайы платформаны қолдана алады
Қазақстанда жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мәселесі талқыланды
Жасанды интеллект саласындағы әлемдік жетекші ұйымдардың бірі саналатын OpenAI компаниясының өкілдері Қазақстанға жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында олар еліміздегі білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі ұлттық жобаға қатысушы технологиялық серіктес Bilim Group командасымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар жаңа буын педагогтерін даярлау, білім беру ұйымдарына жасанды интеллект негізіндегі заманауи құралдарды енгізу және оқу үдерісінде ЖИ технологияларын тиімді пайдалану мәселелерін талқылады.
Сондай-ақ келіссөздер барысында ынтымақтастықтың жаңа бағыттары қарастырылды. Қазіргі таңда компания Қазақстандағы ChatGPT Edu жобасының технологиялық серіктесі. Бұдан бөлек, OpenAI-дың өңірлік серіктесі болу мүмкіндігі де талқыланған.
Bilim Group бас директоры Александр Савченконың айтуынша, OpenAI шешімдерін отандық білім беру платформаларына енгізу жергілікті цифрлық сервистердің сапасын арттыруға және жасанды интеллектіні білім саласына енгізудің тиімді үлгісін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Біз бұл ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары деп есептейміз. Әлемдік деңгейдегі технологияларды жергілікті білім беру жүйесіне бейімдеу арқылы Қазақстанда жасанды интеллект құзыреттерінің толыққанды экожүйесін қалыптастыруға болады. Алдағы уақытта білім беру саласымен қатар, экономиканың түрлі бағыттарындағы мамандардың біліктілігін арттыру бойынша да бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, – деді Александр Савченко.
Айта кетейік, Қазақстан OpenAI компаниясының ChatGPT Edu білім беру бастамасын жүзеге асыру үшін таңдаған әлемдегі алғашқы алты елдің қатарына енді. Аталған жоба оқытушылар мен зерттеушілерге жасанды интеллект құралдарын оқу процесінде, ғылыми зерттеулерде және білім беру бағдарламаларын әзірлеуде пайдалануға мүмкіндік береді.
OpenAI мәліметінше, Қазақстан жасанды интеллект технологияларын белсенді қолданатын елдердің бірі саналады. Әсіресе 18-34 жас аралығындағы жастар ChatGPT қызметін жиі пайдаланады. Олар жасанды интеллектіні ақпарат іздеу, мәтін жазу және өңдеу, сондай-ақ түрлі практикалық кеңестер алу үшін қолданады.
Жұмыс кездесулері барысында тараптар педагогтерді даярлау, жасанды интеллект бойынша сарапшылар қауымдастығын қалыптастыру, білім беру ұйымдарына ЖИ құралдарын енгізу және ұлттық цифрлық шешімдерді дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
OpenAI өкілі Карлотта Ревильо халықаралық технологияларды жергілікті ерекшеліктерге бейімдеуде қазақстандық серіктестердің рөлі маңызды екенін атап өтті.
Мұндай ауқымды жобаларды жергілікті серіктестерсіз жүзеге асыру мүмкін емес. Біздің мақсатымыз – балабақша педагогтерінен бастап жоғары оқу орындарының оқытушылары мен зерттеушілеріне дейін білім беру саласының барлық мамандарына ChatGPT құралдарын қолжетімді ету. Бұл технологиялар оқу процесін жетілдіруге, ғылыми зерттеулер жүргізуге және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге кеңінен қолданылуы мүмкін, – деді ол.
Silkroad Innovation Hub бас директоры Асет Абдуалиев те халықаралық технологиялық жобаларды іске асыруда жергілікті серіктестердің маңызы зор екенін айтты.
Оның сөзінше, Bilim Group халықаралық компаниялар мен жергілікті білім беру жүйесінің арасындағы байланысты қамтамасыз ететін негізгі интегратор қызметін атқарып отыр. Компания бұған дейін де ірі халықаралық білім беру жобаларын, оның ішінде Coursera платформасымен бірлескен бастамаларды жүзеге асыруда тәжірибе жинақтаған.
Сапар аясында OpenAI делегациясы қазақстандық жоғары оқу орындарының өкілдерімен және білім беру саласының мамандарымен кездесіп, жасанды интеллектіні оқу үдерісінде қолдануға арналған бірқатар практикалық сессиялар мен воркшоптар өткізді.
Еске салсақ, Қазақстанда білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында еліміздегі 165 мың педагог білім беру ұйымдарына арналған арнайы ChatGPT Edu платформасына қол жеткізеді.