Білім күніне дайындық қалай

Елордадағы Сауран 5/1 көшесінде орналасқан №59 мектеп лицейі жаңа оқу жылына қызу дайындық жүргізіп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін журналистер осы білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығын көріп қайтты. Біз мектепке келгенде кітаптарын алып кетіп жатқан балаларды байқадық.

Сондай-ақ бастауыш сынып оқушылары 1 қыркүйек Білім күніне дайындалып жатты.

Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев те №59 мектеп лицейінің ескі ғимараты жанынан ашылған жаңа блокты аралады.

Басқарма басшысы бастауыш сынып кабинеттерін аралап, мұғалімдермен әңгімелесті.

Қаланың мектептері оқу жылына 100% дайын. Дайындық кезінде ең алдымен мектептердің қауіпсіздік мәселелеріне көңіл бөліп жатырмыз. Қазіргі таңда барлық мектеп 1 санатты күзет фирмаларымен келісім жасасты. Барлық мектеп 100% бейнебақылау камераларымен жабдықталып, олардың барлығы жедел басқару орталығына қосылды. Турникеттермен де толық қамтылды, - деді Сенғазыев.

Ол мектептер қауіпсіздік тұрғысынан жаңа оқу жылына 100% дайын екенін айтты.

Тағы бір мәселе – оқулықтармен қамтамасыз ету. Жаңа өздеріңіз де көргендей, мұғалімдер әліппелерді, оқулықтарды таратып бергенін айтты. Биыл қалаға 800 мыңнан астам оқулықты және 60 мыңнан астам көркем әдебиетті сатып алып болдық. Барлық мектеп оқулықтармен және оқу-әдістемелік құралдармен толық қамтамасыз етілді, - деп айтты Білім басқармасы басшысы.

Қасымхан Сенғазыев кадр тапшылығы мәселесі де толығымен шешілгенін айтты. Айтуынша, мектептер кесте және күнтізбелік жоспарлар жасауға кірісіп кетті.

Орын тапшылығы жыл сайын қайталанып келе жатқан мәселе. Биыл 27 мың бала 1-сыныпқа келсе, ал былтырғы оқу жылында 9 500 бала мектеп бітірді. Осылайша жыл сайын шамамен 18 мыңға жуық бала келіп отырады. Бұл 10 мектепті салу қажеттігін көрсетеді. Қазір қалада 14 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның 4-еуі осы оқу жылында ашылады, ал қалған мектептер кезең-кезеңімен беріледі.

Ол 24 жайлы мектептің құрылысы басталғанын атап өтті. Бұл мектептер 90 мыңға жуық орын ашуға мүмкіндік береді.

Қалада 26 мың орын тапшылығы бар. 2-3 жылдың ішінде үшауысымдағы 8 мектептің, шамадан тыс оқып жатқан 18 мектептің мәселесі толығымен шешіледі.

№59 мектеп лицейі биылға дейін үшауысымды мектептердің қатарында болған. Қасына жаңа ғимарат салдық. Мұнда тек қана бастауыш сыныптары оқиды. Осыған дейін үшауысымды мектеп болғанын мойындаймыз. Бір сыныпта 35-36 баладан отырды. Кабинеттегі парталар 25-28 балаға арналған. Яғни мұнда үшауысым мәселесі шешіледі, - деп түсіндірді Қасымхан Сенғазыев.

Жаңа блокта балалардың қауіпсіздігі үшін барлық жағдай жасалған. Бейнебақылау камералары, турникет орнатылған, сонымен бірге мектепте күзет қызметі жұмыс істейді.

Онымен қоса мектеп дәлізінде қол жууға арналған раковина және су ішетін құрылғылар орнатылған.

Мектеп директорының айтуынша, білім ордасына 15 жыл болған. Ал биыл 9 айдың ішінде жаңа блок салынып, енді 1 қыркүйек қарсаңында қолданысқа берілмек.

Мектебімізге 15 жыл болды. Білім ордамыз өткен оқу жылының қорытындысы бойынша үздік білім беру мекемесі саналады. Біз министрліктің грантын жеңіп алған болатынбыз. Бүгінгі күні мектебімізде 4 600 бала бар. 500 бала 1-сынып оқушысы атанады. Ал жыл сайын 200-250 бала мектеп бітіріп шығады. Жаратылыстану-математика бағыты бойынша білім береміз. IT сыныптар ашылған. Мектеп көптеген инновациялық жобаларды жүзеге асырады. Соның ішінде «Цифрлық мектеп» және т.б. Ұжымымызда тұрақты. Бүгінгі күні 230 мұғалім бар, - деді мектеп директоры Алма Жұмабекова.

Мектеп аралас мектеп, оқушылардың 50%-ы қазақ тілінде білім алса, қалған жартысы орыс тілінде білім алады. Сөзінше, биыл 16 1-сыныбы ашылады. Яғни 8-і мемлекеттік тілде, қалған 8-і орыс тілінде оқиды.

Мектепте «Мектепке жол» акциясы әлі жалғасып жатқанын байқадық.

Қазір 90 балаға демеушілердің қолдауымен сөмкелерін таратып жатырмыз. Ал «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында тағы 90 балаға 42 мыңнан мектепке дайындық үшін төлем бердік, - деп айтты директор.

Сонымен қатар мектепте бастауыш сынып балалары, яғни 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақты тегін ішеді. Олардың саны 1 870 бала.

Мектепте жаңа ғимараттан ескі ғимаратқа, яғни 2023 жылдан 2008 жылға өтетін дәліз бар.

Бұл бастауыш сыныпқа арналып салынған ғимарат. Мұнда балаларға арналған жеке спорт зал, асхана және акт залы бар.

Қазіргі таңда 49 білім беру нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілді. 9 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілсе, 40 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы