Білім бөлімдері неліктен тікелей министрлікке бағынбайды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Желмая» жобасының қонағы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов білім бөлімдері тікелей министрлікке бағынбайтынын айтты.

Барлығы директорлар, балабақша, білім бөлімдерінің басшылары, білім басқармалары министрлікке тікелей тәуелді, оларды орнына қояды, босатады және қаржыландырады деп ойлайды. Өкінішке қарай, олай емес. Өйткені директорлар, балабақша меңгерушісі, колледж директорларын министрлік тағайындамайды. Оларды білім бөлімдері тағайындайды. Ал білім бөлімдері министрлікке тәуелді емес, министрліктен қаржыландырылмайды. Олар тиісті әкімдікке қарайды, ал облыстық білім басқармаларының өзі тікелей министрлікке бағынбайды, - деді Аймағамбетов.

Сөзінше, «Білім туралы» Заңда әр деңгейде өзінің құзыреттілігі бекітілген.

Білім және ғылым министрлігіне берілген құзыреттілік саясатты жүргізу. Біз білім беру бағдарламаларын, бұйрықтарды дайындаймыз. Ал оның іске асырылуы жергілікті әкімдіктердің қолында. Жаңа «Мұғалім мәртебесі туралы» Заңына арнайы бақылау мәселесіне қатысты арнайы бөлім енгіздік. Біздегі бақылау департаменттері арқылы тәртіпті орындамағандарға айыппұл салып, әр түрлі жауапкершілікке тарту мүмкіндігін алдық. Бірақ жұмыстан шеттетіп, оны жұмыстан шығару шешімдерін қабылдау министрліктің құзыретінде жоқ, - деп айтты БҒМ басшысы.

Аймағамбетов бұл мәселені өзгерту керегін айтты.

Мұның алдында бұдан да қиын жағдай болды. Өйткені ауыл, аудан, қала білім бөлімдері облыстық білім басқармасына да бағынбайтын. Мемлекетте 200-ден астам БҒМ министрі бар деп күлетінмін. Өйткені әрқайсысы өз бетімен, ешкімге бағынбайтын. Олар шешімдерін өз деңгейлерінде қабылдай беретін. Әрине еліміз унитарлы мемлекет болғаннан кейін бізге біркелкі саясатты іске асыру және тәртіппен орындау маңызды, - деп түсіндірді Асхат Аймағамбетов.

Министр айтып өткендей, биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап аудандық, қалалық білім бөлімдері тікелей облыстық білім бөлімдеріне бағынады.

Аймағамбетов болашақта толығымен барлығы министрлікке бағынатындай жүйе қажет екенін айтты.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы