Бала назарын аулау үшін TikTok, Instagram-мен бәсекелесуге тура келеді – министр

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Біз қаласақ та, қаламасақ та, балалардың назарын аулау үшін TikTok, Netflix, Instagram сияқты платформалармен бәсекеге түсуге тура келеді. Бұл дәстүрлі оқыту әдістерін ұмытып, толықтай жаңа әдіске көшу деген сөз емес, деп жазды Facebook-тегі парақшасында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Сабақты қызықты өткізіп, оқушылардың назарын өзінде ұстау – әрбір ұстаздың бойынан табылуы тиіс маңызды қабілеттердің бірі. 

Бұл оңай емес. Десек те мұғалімдердің көбі оқу материалдарын ұсынудың жаңа тәсілдерін игеруде. Осы ретте алматылық мұғалім Ұлан Үсеновтің балаларды оқыту барысында пайдаланатын қызықты әдіс-тәсілін атап өткім келеді, - деп жазды министр. 

Оның әлеуметтік желідегі креативті түрде жүргізген видеосабақтары оқушылар арасында кеңінен танымал болды. 

Жас мұғалім химия формулаларын өте қызықты түсіндіреді. Бұл балалардың ғана емес, тіпті ата-аналардың да химия пәніне деген қызығушылығын тудырды. Күрделі химиялық реакциялар туралы ақпараттың осындай оңай әдіспен берілуі оқушыларға жаңа тақырыптарды оңай игеріп алуға көмектеседі. Мұндай бастама мұғалімнің жеке идеясымен жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, ұстаздың атқарып жатқан қызметіне деген құрмет еселене түседі, - деді Аймағамбетов. 

Осы бір қарапайым мысал басқа әріптестерімізге жаңа интерактивті технологияларды игеріп, біліктіліктерін одан әрі жетілдіре түсуге септігін тигізеді деген ойын жеткізді министр.  

 

Ақпарат кеңістігі дамыған кезеңде геймификация және персонализация сияқты ұғымдар өзекті болып отыр. Мәселен, геймификация бүгінгі таңда оқу процесінің белгілі бір бөлігіне айналуда. Біз қаласақ та, қаламасақ та, балалардың назарын аулау үшін TikTok, Netflix, Instagram сияқты т.б. платформалармен бәсекеге түсуге тура келеді. Бұл дәстүрлі оқыту әдістерін ұмытып, толықтай жаңа әдіске көшу деген сөз емес. Бірақ әріптестеріміз үшін жаңа технологиялар мен әдістерді игеруі маңызды екені түсінікті, - деп жазды Аймағамбетов.
 


Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларында, біліктілікті арттыру курстарында міндетті түрде жаңа технологиялар мен киберпедагогиканы оқыту қажеттілігі міндетті түрде ескерілетінін айтты.  
 

Өз пәніңізді қызықты етіп өткізіп, балалардың назарын аудару үшін жаңа әдіс-тәсілдерді пайдаланудан қорықпаңыздар. Көріп отырғанымыздай, жаңа форматтағы оқыту тренді қарқынды дамып келеді. Сондықтан білім беру процесінде заманауи трендтерді пайдалану маңызды, - деп жазды ол.
 


 

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы