Білім басқармаларының жұмысы көңілімізден шықпайды – Асхат Аймағамбетов
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов министрліктің аппарат жиналысында Білім басқармаларының жұмысын сынға алды.
Елді мекендерге жұмыс сапарымен барып, қабылдаған шешімдер мен іске асырылып жатқан жобалардың өңірлер деңгейінде қалай жүзеге асырылып жатқанымен танысып жүрміз. Біраз мәселелер барын байқадық. Бүгін «Оқуға құштар мектеп», «Өзін-өзі басқару», «Дебат» және басқа да жобалар бойынша өңірлердің араласу деңгейі өте төмен. Нұр-Сұлтандағы екі мектепте болдым. Оларда осы жоба («Оқуға құштар мектеп» - ред.) бойынша мағлұмат өте аз. Енід елордадағы мектептерде жұмыс деңгейі осындай болса, басқа мектептер туралы айту өте қиын, - дейді министр.
Айтуынша, Ақмола облысында болған бірнеше мектепте де осындай мәселе бар.
Қостанай, Маңғыстау облыстарында бұл жұмыс жақсы жолға қойылғанына барған кезімде көзім жетті. Елорда мен Ақмола облысындағы мектептерде жағдай осындай болса (төмен – ред), онда басқа мектептерге талап қою қиын. Бұл, біріншіден, Білім басқармаларының жұмысты дұрыс деңгейге қоймағанын білдіреді. Екіншіден, Білім басқармаларының жергілікті мектеп, балабақша, колледж, білім бөлімдерінің басшыларымен күнделікті жұмысының әлсіз екенін көрсетеді, - деп айтты бас ұстаз.
Аппарат жиналысында Аймағамбетов Білім басқармаларына министрлік өткізетін формат сияқты жиын өткізуді тапсырды.
Елімізде жекеменшік мектептер, балабақшалар бар. Бірақ олар Білім басқармалары үшін бөлек, басқа мемлекеттің ұйымдары сияқты болып көрінеді. Сіздер, мемлекеттік ұйымдардың Білім басқармалары емессіздер ме? Сіздер жалпы білім мәселесіне жауаптысыздар. Сол себепті өздеріңіздің статистикаларыңызда да, күнделікті жұмыстарыңызда да, жүргізіп жатқан саясаттарыңызда да осы мәселелерді қамту керек. Соның ішінде жекеменшік мектептердің жалақысы да сіздерге қатысты. Біз жыл сайын жан басына қаржыландыру бойынша төлем көлемін көтеріп отырмыз. Бірақ төлемнің ұлғайтылуы басқа мәселелерге әсерін тигізуі керек, - деп айтты Білім басшысы.
Министр ол (Жан басына қаржыландыру бойынша төлем көлемінің ұлғайтылуы - ред.) жалақыға да әсерін тигізуі керек екенін айтты.
Бірақ осы мәселені бақылап отырған Білім басқармаларының жұмысы көңілімізден шықпайды, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов аппарат жиналысында.