Білім басқармалары қол қусырып отырмауы керек – Аймағамбетов мектеп салу туралы айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін БҒМ-нің аппарат жиналысында министр Асхат Аймағамбетов жаңадан салынатын мектеп құрылысына қатысты тапсырма берді.
Жаңа типтік жобалар да дайындалып жатыр. Жаңа мектептерді салумен білім бөлімдері мен Білім басқармалары айналыспайды. Мектеп салынып жатқанда бұл мәселе бойынша тиісті рәсімдерді өткізіп, оны қадағалайтын әкімші болады. Ол - Құрылыс басқармалары. Дегенмен Білім басқармалары қол қусырып отырмауы керек. Көбіне ақпарат сұрасаң, ол да жоқ. Мектептің құрылысы аяқталып, тапсырылатын кезде ғана жоба бойынша тиісті құрал-жабдықтар жеткіліксіз екеніне көздері жетіп жатады. Бұған жол бермеу керек, - деп атап өтті БҒМ басшысы.
Оның сөзінше, қазіргі күні салынып, іске қосылған кейбір мектептер лицензиясын да ала алмайды.
Оны неге ала алмайды? Оның себебі - қажетті құрал-жабдықтары жобаларында қарастырылмауында. Мектеп деген ол жай ғана қабырға емес қой. Мектептің ішіндегі құрал-жабдықтары – ол тек қана тақта мен орындық, парта емес. Заңға сәйкес тиісті жабдықтары болмағаннан кейін ондай мектепте қалай сапалы білім беруге болады?! Осы мақсатпен қазіргі күні типтік мектептердің жобаларын, жоспарларын тиісті министрлікпен бірге қарастырып жатырмыз, - дейді бас ұстаз.
Осыған байланысты Асхат Аймағамбетов әріптестеріне ең қажетті құрал-жабдықтармен қамту бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. Айтуынша, бұл - Білім басқармалары басшыларының тікелей бақылауында болатын сұрақ.
Мектепті қабылдап алып, кейін қайтадан бюджеттен ақша бөлгізіп жүргеннен гөрі мәселе басынан толық шешілуі керек, - деп айтты министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Алматыда ағаш цехы отқа оранды
Келесі жаңалық
Мектептерге арналған PISA-2024 зерттеуі басталды
Өзгелердің жаңалығы