Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу енгізіледі – БҒМ
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Тамыз конференциясының пленарлық сессиясында айтты.
Министр айтқандай, бүгінгі таңда еліміздегі барлық мектептер оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуға бағытталған жаңартылған мазмұн бойынша жұмыс істейді.Жаңа оқу жылында оқушылардың білімдеріндегі олқылықтардың орнын толтыру бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Үлгерімі төмен оқушыларға арналған каникулдық онкүндік және жазғы мектептер бағдарламасын іске қосу жоспарланып жатыр. PISA-2018 нәтижелері ауылдық және қалалық мектептер, сондай-ақ өңірлер арасында білім сапасында алшақтық бар екенін көрсетті. Осыған байланысты кешенді шаралар, атап айтқанда тірек мектептер, ресурстық орталықтар ауыл мектептеріне әдістемелік көмек көрсететін болады, - деді Аймағамбетов.
Сондықтан орта білім беруді сырттай бағалау моделі жетілдірілді. Енді ОЖСБ - оқу жетістіктерін сырттай бағалаудың орнына білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтеу (МОДБ) енгізілетін болады. Бұған дейін оқу жетістіктерін сырттай бағалау функционалдық сауаттылықты емес, пәндік білімді өлшеу арқылы жүргізілген болатын. Білім беру мониторингіне Қазақстанның жалпы білім беретін мектептерінің 4 және 9-сыныптарының оқушылары қатысады. Колледждерде МОДБ жалпы білім беретін пәндер бойынша екінші курс білім алушыларының функционалдық сауаттылығын және кәсіптік модульдер немесе жалпы кәсіптік, арнайы пәндер бойынша үшінші курс білім алушыларының функционалдық сауаттылығын бағалайтын болады, - деді ол.
Министрдің айтуынша, МОДБ қорытындысы халықаралық тәжірибені ескере отырып, білім алушылардың үлгеріміне критериалды талдау жүргізуге мүмкіндік береді.
Тестілеудің алынған нәтижелері ТжКБ ұйымдарын одан әрі дамыту және колледждерде оқу процесін жетілдіру бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындау үшін пайдаланылатын болады, - деді ол.