Билік транзиті. Президенттің бір жылы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел билігіндегі 30 жылдан кейін 2019 жылдың 20 наурызында отставкаға кетті. Елбасының міндеттері Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүктелді. Ал Елбасы Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен Nur Otan партиясының төрағасы болуды жалғастырды. Осыдан тура бір жыл бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде өткен кезектен тыс президент сайлауында 70,13% дауыс жинап, жеңіске жетті. Президенттің бір жылында жүзеге асырылған бастамалардың дерекнамасын ұсынамыз.

Конституцияның 42-бабына сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 12 маусымында халыққа ант берді.


Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіме жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, - деді Президент.

Ол кезде жаңа сайланған Қазақстан Президентінің қызметке кірісу құрметіне Мемлекеттік әнұран ойналып, 21 рет зеңбіректерден оқ атылды, Ақорда резиденциясының үстінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы көтерілді.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.


Менің мақсатым – қоғамның бірлігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқығын қорғау. Қазақстанның ұлттық мүддесін әрқашан және барлық жерде қорғайтын боламын, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ресми сайланған президент Ақордада кездесулер өткізе бастады.

Қазақстан президенті алғашқы қабылдаған адам Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов болды.


Дәл осы күні Мемлекет басшысы Ақордада облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерімен кеңес өткізді.


Қазақстан Президенті әкімдердің алдына бірқатар міндет қойды. Мемлекет басшысы ең алдымен азаматтардың құқықтары мен бостандығын, олардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Осы уақыт аралығында Мемлекет басшысының атына шетелдік өкілдерден құттықтау жеделхаттары толассыз түсіп жатты.

13 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде барған алғашқы елі Қырғызстан болды.


Қазақстан Президенті Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитіне қатысу үшін Бішкек қаласына барды.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековпен кездесті.


Ұлықтау рәсімінен кейінгі Бішкек қаласында кездесуіміз – жақсылықтың нышаны. Біз жақында Нұр-Сұлтан қаласында кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың бірқатар мәселесін талқыладық. Біздің қазіргі міндетіміз – сол келісімдерді жүзеге асыру, - деді Қазақстан Президенті.

Бішкектегі Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммитінде Тоқаев бірқатар елдің Мемлекет басшыларымен кездесті. Оның ішінде Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани болды.

Жалпы 2019 жылдың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесіп, халықаралық шараларға қатысу үшін 12 елге сапармен барып үлгерді.

Дегенмен Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы күндері жаңа лауазымына үйрене алмағанын ресейлік журналист Алексей Пивоваровқа берген сұхбатында айқан еді.

Алғашқы күндері жаңа лауазымға үйрене алмай жүргенімді мойындаймын. Әсіресе, көпшілік жиналған іс-шараларда: "Президент, Президент!" дегенде Нұрсұлтан Әбішұлы келіп қалған шығар деп, жан-жағыма қарайлайтын едім. Бірақ бұл уақытша нәрсе екен. Жақсы нәрсеге тез үйренесің. Бұл лауазымның жүгі ауыр екенін түсінемін, әрине. Қалай болғанда да, бір мемлекеттің қауіпсіздігі мен игілігіне, халқына жауаптысың. Дегенмен президент болсаң, сый-құрметке де бөленесің, жасыратын несі бар. Адам күн сайын президент болмайды. Әсіресе, біздің жағдайымызда. Бұл қазіргі тілмен айтқанда "билік транзиті" арқылы іске асты, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бастамалар бастауы

Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасы президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылсын, - делінген құжатта.

Түркістан облысындағы 44 мың халқы бар Арыс қаласында әскери қоймада бірнеше жарылыс болды. Төтенше жағдай жарияланды.


Президент Түркістан облысына арнайы ұшып барып, Арыс тұрғындарымен кездесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев несиесін төлей алмай жүрген тұрмысы төмен және көп балалы отбасылардың қарызын кешіру туралы Жарлыққа қол қойды.

Тамыз конференциясында Президент мұғалімдердің жалақысын екі есеге арттыруды тапсырды.

2019 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы қазақстандықтарға Жолдау жариялады.


Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін заңнамалық база әзірлеуді тапсырды. "Бейбіт жиындар туралы" заңды қайта қарауды және толықтыруды Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тапсырды. Президент өз Жолдау халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Нәтижелі сапарлар

Қыркүйектің басында Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары басталды.


Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізді.

Қыркүйектің 24 жұлдызында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 74-сессиясының Жалпы дебаттарында сөз сөйледі.


Сондай-ақ, БҰҰ-ның ресми іс-шаралары аясында бірқатар елдің Президентімен кездесу өткізді.

1 қазанда Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев "Еуразия континентінің транзиттік әлеуеті" форумының жұмысына қатысты.


Президенттің маңызды бастамаларының бірі – Президенттік кадр резервін жасақтау болды. Мұны ол алғаш рет өзінің сайлауалды бағдарламасында жариялаған еді.


Жобаға бүкіл еліміз бойынша 13 мың адам қатысып, жүйрік шыққан 300 азамат іріктелініп алынды. 26 желтоқсанда жеңімпаздардың тізімі жарияланды.

COVID-19

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының барлық аумағында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Төтенше жағдай кезеңінде халыққа президенттік қолдау шаралары жүзеге асырылды.

Әлеуметтік төлемдер тағайындалды

ҚР Президентінің тапсырмасымен төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға ең төменгі жалақы мөлшері (42 500 теңге) көлемінде ай сайынғы төлем енгізу тапсырылды.

Несиені кейін төлеу мүмкіндігі берілді

Президент төтенше жағдай кезінде айыппұл мен өсімпұл салмау жөніндегі шектеуден басқа, дағдарысқа ұшыраған халықтың барлық несиелері бойынша негізгі қарызды төлеуді тоқтата тұру қажеттігін жеткізді.

Зейнетақы мен жәрдемақыны 10% индексациялау

Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Тегін азық-түлік тарату

Президент тапсырмасы бойынша тегін азық-түлік жиынтығы таратыла бастады. Оны азаматтардың 4 санаты ала алады. Бірінші санат – атаулы әлеуметтік көмек алатын аз қамтылған отбасылардың 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалары. 2, 3, 4-санат – карантиндік аймақта тұратын азаматтар. АӘК алатын отбасылардың барлық ересек мүшесі, оның ішінде көпбалалы отбасылар, барлық жастағы 1 және 2-топтағы мүгедектер мен мүгедек балалар, мүгедек баланың күтімімен отырған ата-аналар.

Шілдеге дейін тегін медициналық көмек

Мемлекет басшысы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша сақтандырылмаған азаматтардың медициналық көмек алу құқығын 1 сәуірден 1 шілдеге дейін ұзартуды тапсырды. Соған байланысты медициналық көмек азаматтарға бұрынғыдай қолжетімді болып қала береді.

Кәсіпкерлерге көмек көрсету

Мемлекет басшысы шағын және орта бизнестің айналым қаражаттарына жылдық 8 пайыздық несие беру үшін тағы 600 млрд теңге бөлуді ұйғарды. Ал іскерлік белсенділік пен жұмыспен қамтуды қолдаудың тағы бір құралы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" арнайы бағдарламасы болмақ. Бұл құрал алдыңғы дағдарыстар кезінде өзін жақсы көрсетті. Президент бағдарламаны қаржыландыруды кемінде 300 млрд.теңге деңгейінде қамтамасыз етуді тапсырды.

Ауыл шаруашылығын қолдау

Ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 70 млрд теңге бөлінеді.Мемлекет басшысыгың биылғы 31 наурыздағы тапсырмасына сәйкес қарапайым заттар экономикасы бағдарламасының аясында 1 жыл мерзімге көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінеді. Бағдарлама қатысушыларының облигацияларды өтеу мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылады. Көктемгі егіс жұмыстары уақыты басталып, жүзеге асырылуда.

"Biz Birgemiz"

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған "Біз біргеміз!" республикалық акциясы аясында мұқтаж қазақстандықтарға әлеуметтік көмек көрсетіле бастады. "Біз біргеміз!" республикалық акциясы барлық өңірлерді қамтыды.

Қауіпсіздік шаралары күшейтілді

Президент полицияның барлық құрамын оңтайландырып, қажет болған жағдайда басқа бағыттардың күшін қайта бөле отырып, жұмылдыру керек екенін айтты. Сондай-ақ, осы жұмыс үшін Ұлттық гвардияның әскерін тарту жөнінде ұсыныстар енгізді.Президенттің әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру туралы Жарлығы жарияланды. Әскери міндеттілердің басым бөлігі өз еріктерімен жүгінген азаматтар. Қазір ұоғамдыұ-ұйымдастыру шараларын жүргізіп жатыр.

Ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етілді

Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар кезінде қауесет пен арандатушылық ақпараттардың алдын-алу үшін арнайы бақылау жүргізу қажет екенін жеткізді. Әрі жалған мәлімет таратушыларды анықтап, жазалау керектігін алға тартты. Осы орайда қазақстандықтарға ресми ақпарат тарататын coronavirus2020.kz арнайы сайты жасақталды. Сайт коронавирусқа қатысты ресми ақпараттарды тәулік бойы таратады. 

Жұмыспен қамту шаралары

"Жұмыспен қамту жол картасы" аясында жұмысқа шығуға дайын азаматтарға жұмыс орнына келгеннен кейін бірден 2 ең төменгі жалақы есебінде немесе 85 000 теңге мөлшерінде тұрақты жалақыға қосымша "көтермеақы" беріледі.Президент жұмыс берушілер "Бизнестің жол картасы" бойынша жұмысқа тұрғандарды қолайлы еңбек жағдайымен және қорғану құралдарымен қамтамасыз етуді тапсырды.

Теңге бағамын тұрақтандыру шаралары 

Президент қазіргі уақытта теңгенің айырбас бағамын тұрақтандыруға қол жеткізу қажеттігін айтқан болатын.Осы мақсатта Ұлттық банк пен Үкіметке және квазимемлекеттік компаниялардың басшылығына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің өзінің экспорттық түсімінің бір бөлігін міндетті түрде елдің валюта нарығында сатуын қамтамасыз етуді тапсырды.

Дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне қосымша үстемақы төлеу

Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлердің, тәртіп сақшыларының және басқа да мамандардың өз бастарын үлкен қауіп-қатерге тігіп, азаматтық және қызметтік борышын толық көлемде орындап жүргені үшін алғыс айтты.Осы орайда, республиканың барлық өңірлерінде еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен полиция қызметкерлері еңбекақыларының үстінен қосымша үстемақы алды.

Салықтан босату

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдіктерге жергілікті кәсіпорындардың өнімін кем дегенде 6 ай бойы кепілді сатып алу тәртібін жолға қоюды, шағын және орта бизнес өкілдерін 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырды. Мұндай қолдау сауда, көлік қызметі, қонақ үй, туризм және басқа да салаларды қамтиды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты. Шара конференция форматында өтті.


Мемлекет басшысы өзара сауда, бизнесті қолдау, цифрландыру және көліктік логистика салаларындағы ықпалдастық мәселелерін одан әрі нығайту жөніндегі нақты ұсыныстарын ортаға салды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеуі жарияланды.

Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына барған сапарының бірінде өз ұстанымы туралы айтқан болатын.

Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым, ең алдымен, сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Сабақтастық жоқ жерде тұрақтылық болмайды. Тек дағдарыс, тіпті жанжал, қақтығыс қана болады. Екінші ұстанымым, бұл – әділеттілік. Әділеттілік жоқ қоғам ешқашан дамымайды. Тек қана қиыншылық, тауқымет, құлдырау болады. Үшінші ұстанымым – ілгерілеу. Қазақстан бәсекелестікке толы әлемде тек қана алға жылжуды көздейді, - деген еді Президент.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы