Билік басына 80-жылғылар келе бастады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осы аптада екі бірдей министрлікке орынбасар болып 40 жасқа толмаған азаматтар тағайындалып үлгерді. Былайша айтқанда, билік басына 80-жылғылар келе бастады.

Мамырда билікте "рокировка" болғанда әлеуметтік желі белсенділері ел тізгінін 70-жылғылар ұстады деп талқылаған болатын. Оған себеп, Сенат төрағасы болған Мәулен Әшімбаев 1971 жылы туған, Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметіне жайғасқан Дәурен Абаев 1979 жылы дүниеге келген. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрі қызметіне келген Аида Балаева 1974 жылдың тумасы. Сонымен қатар, Nur Otan партиясы төрағасының бірінші орынбары Бауыржан Байбек (1974 жылғы), Президент Тоқаевтың көмекшісі Әсет Исекешов (1971 жылғы), елорда әкімі Алтай Көлгінов (1978 жылғы) және т.б шенеуніктер бар. 

Ал енді 80-жылғыларға тоқталсақ. Кезінде Совет одағында бұл жылдары қайта құру жүрді. Сол жылдары дүниеге келген сәбилердің арасында биліктің жоғары элитасына алғаш жеткен Қуандық Бишімбаев болатын.

Экс-мәжілісмен Уәлихан Бишімбаевтың ұлы 1980 жылы 11 сәуірде дүниеге келген. 

Бір жылда үш университеттің дипломын алған Қуандық Бишімбаевтың биліктегі өсу қарқыны өте жедел жүрді. 25 жасында министрдің кеңесшісі болса, 27 жасынан бастап үлкен компанияларды басқарды. Арада екі жыл өткенде сол кездегі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көзіне түсіп, 29 жасында көмекшісі болды. Арада бір жыл өткенде Экономикалық даму және сауда вице-министрі болып шыға келді. 33 жасында ақшасы көп "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингінің төрағасы қызметіне жайғасты (Кейін бұл қызметі болашақ карьерасына "крест" боларын білмеген шығар). Үш жылдан соң, жерге қатысты митинг кезінде басы дауға қалған Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевты алмастырды. Бірақ бұл орында ұзақ отыра алмады. 2016 жылдың соңында болашағынан үлкен үміт күтілген Бишімбаевтың саяси карьерасы аяқталып, түрмеге қамалды. Қазір шартты түрде босап шыққанымен, саяси қызметпен айналыса алмайды. Осылайша, көптеген саясаттанушы болашақ премьер-министр деп болжаған Қуандық Уәлиханұлының таңғажайып саяси карьерасы 36 жасында аяқталды. 

Ал қазір билік басында жүргендердің арасында 80-жылғылардан Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бар. Ол 1982 жылы дүниеге келген.  Енді бұл қатарға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсіп бірінші вице-министрі Бағдат Мусин қосылды.

Егер Бағдат Мусин алдағы күндері ресми түрде министр болатын болса, онда елдегі ең жас министр атанбақ. Өйткені, Мусин әріптесі Асхат Аймағамбетовтен бір жасқа кіші.

"Компьютер басты қазақ" атанған Бағдат Мусиннен көпшілік үміт артып отырғаны жасырын емес.

XXI ғасырдың 20 жылы өтсе де, әлі күнге интернетке қол жеткізе алмай отырған ауылдар бар. Карантин кезінде "Цифрлық Қазақстанның" шамасы қалай болғанын жақсы білеміз. 

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасын шұғыл қайта қарау керек. Дағдарыс кезеңі мәселенің бетін ашты. Нағыз сын кезінде мемлекеттік ақпараттық ресурстар мен электронды қызметтерде проблемалар қордаланып тұрғаны көрінді. Мұны мойындауымыз керек, - деген болатын Сенаттың экс-спикері Дариға Назарбаева. 

Бұған алып-қосарымыз жоқ. Осы мәселені  Бағдат Мусин реттейді деп үміттенеміз.

Айтпақшы, осы министрлікте 1986 жылғы вице-министр бар. Оның есімі - Абылайхан Оспанов. Ол 2017–2019 жылдары "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ басқарма төрағасы болған.

Сонымен қатар, Мусинмен бір күнде 33 жастағы Әсел Жанасова Сауда және интеграция вице-министрі қызметіне тағайындалды. 

Әкімдердің арасында Шымкент қаласының басшысы Мұрат Әйтенов бар. Ол 1981 жылы дүниеге келген. Сол секілді "заманауи әкім" деп жұрт мақтап жүрген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов та Әйтеновтің құрдасы.

P.S. Министр, әкім болып жатқандардың арасында 80-жылғылар біртіңдеп көбейіп келеді. Көбісі "Болашақпен" оқып келген. Алайда, оларды бұрынғы ағаларымен салыстырсақ, шаруашылық жұмыстарына келгенде әлсіз көрінетіндей.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы