Жолақысын төлеуден жалтарғандарға 42 миллионға жуық айыппұл салынған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қоғамдық көлікте жолақысын төлеуден жалтарғандарды ұстап алудың 8284 фактісі тіркелген. Бұл туралы бүгін елордада өткен «Қоғамдық көлік: реформалар және даму жолдары» атты конференция-көрмесінде белгілі болды. 

Нақты дерекке сүйенсек, жолақысын төлеуден жалтарып, билетсіз жолаушыларды ұстап алу бойынша барлығы 8284 факті тіркелген екен. Салынған айыппұлдардың сомасы 41 млн 834 мың 200 теңгені құрайды. 

Конференция барысында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов қоғамдық көлікте ақша қаражатының көлеңкелі айналымын қалай азайтқаны туралы айтты.  

«2018 жылдың мамыр айында автопарктердің табысы 1 млрд 47 млн теңгені құрады. Оның 75%-дан астамы жыртылмалы орама билеттерді сатудан түскен. Ал, 2019 жылғы мамырда автопарктердің табысы 40%-ға артып, 1 млрд 529,3 млн теңгені құрады. Бұл ретте қолма-қол ақша төлеу үлесі тек 7% көрсеткішке ие», - деді «Астана LRT» компаниясының басшысы.  

Сондай-ақ, ол «Президент өзінің Жолдауында баса назар аударған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасына сай жұмыс істеп жатырмыз. Биыл 70%-ға жуық автобус паркін жаңартып, 100 элекрлі автобустар сатып алдық. Күн сайын 50 мыңнан астам халық қала маңындағы елді мекендерге қатынайды. 

«2 gis, AstraBus және Senim үш мобильді қосымшасы бүгінде сұранысқа ие. Қала тұрғындары өте белсенді пайдалануда. Тиімді өзгерістердің нәтижесіне халық куә болып отыр. Алайда, кейбір адам қоғамдық көлікте жолақысын төлеуден қашады. Тегін жүріп-тұрғысы келетін адамдарды түсінбеймін», - деген пікірін білдірді.  

Іс-шарада автопарктердің басшылары да баяндама жасап, кәсіпорындардың ағымдағы қаржылық жағайы туралы айтты. Сонымен қатар, жүргізушілердің тапшылығы, бағдарлардың жүру интервалының сақталмауы сияқты таптаурын болған мәселелер де талқыланды.  

Айта кетейік, бүгінгі күні жарты млн елордалықтар көліктік картаны қолданады. Нәтижесінде, қолма-қол ақша айналымы барынша азайтылды.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы