Білдей бір пойызды басқарып отырған қазақ аруы жайлы не білеміз?
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақ әйелдері қазір кез келген салада ер адамдармен теңдей қызмет етіп жатыр. Ғылым, бизнес, медицина, құрылыс, техника саласы болсын бәрінде еңбек етіп келеді. Олар жұмыс істеп қана қоймай ұрпақ тәрбиелеп, отбасының ұйытқысы да болып отыр. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз – көп жылдар темір жол саласында жолсерік болып қызмет етіп, пойыз бастығына дейін көтерілген жан. 8 наурыз халықаралық әйелдер күні қарсаңында Алматы-Өскемен пойызының басшысы Бибажар Күлебаевамен сұхбаттасқан едік.
Ол 1966 жылы Жамбыл облысы Сарысу ауданы Ақтоғай ауылында өмірге келген. Ауылда сегізінші сыныпқа дейін білім алып, кейін Алматыдағы Тоқыма училищесіне түседі. Оны тәмамдаған соң Қазақ қатынас жолдары университетінде Теміржолшы мамандығы бойынша білім алған. 1993 жылдан бері темір жол саласында жолсерік болып жұмыс істеген. 2007 жылдан бастап пойызға басшылық етуде, қазір №351-352 Алматы-Өскемен жолаушылар пойызының бастығы. Тілдесу барысында ол жол бойында болып тұратын қызықты жағдайлар тұралы айтып берді.
Пойызда өмірге келген сәби
Өмірінің көп сәтін жол бойында жүруге арнаған Бибажар үшін пойызбен адам тасу оның жұмысы ғана емес, үлкен жауапкершілігіне айналған. Ол күнделікті жолда жүретіндіктен түрлі жағдайға тап болып, естен кетпес оқиғаларға куә болғанын айтады. Әсіресе жолсерік болып алғаш жұмысқа келгендегі оқиғаларды ұмыту мүмкін емес дейді.
Жолсерік дегеніңіз күні-түні жолда болу. Пойызбен үздіксіз халықты тасыған соң жолда түрлі жағдайлар болады. Жолда әсіресе жүкті әйелдердің толғағы аяқасты келіп қалып жатады. Қазір ондай жағдайға үйреніп кеттік, алғаш жұмысқа орналасқан кездері сасып қалатынмын. Сол жылдардағы бір жағдай әлі есімде. Ол кезде Алматы-Шымкент бағытындағы пойызда жолсерік болып істейтінмін. Пойызға жүкті әйел отырды, түнде Шу станциясынан өткенде толғағы қысты. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болғандықтан сасып, не істерімді білмей қорқып қалдым. Өмірлік тәжірибемде мұндай жағдайға мүлдем кездеспегенмін. Содан ол қыз босануға сәл қалды. Пойыз бастығына барып осындай жағдай болып жатқанын айтып, келесі станцияға жедел жәрдем шақыртқаным әлі есімде. Жамбыл станциясына жеткенде жедел жәрдем күтіп алды,-дейді ол.
Жолда қиналған әйелдің қасында күйеуі болған екен, ол жолсеріктің телефонын жазып алып, кейін сүйінші сұрап хабарласыпты. Әйел аман-есен өмірге қыз бала әкелген. Басында қатты қорыққанымен аяғы осындай қуанышпен аяқталыпты. Бұл жағдай Бибажар үшін ұмытылмас жақсы естелік болып қалыпты.
Кейін ол әйелдердің толғағы қысқан жағдаймен талай кездескенін, бірақ бұрынғыдай саспай әрекет етуге көше білгенін айтады. Жолда бір жолаушының денсаулығы сыр берсе алдымен вагон ішінен дәрігер мамандар бар ма деп іздейді екен, пойызбен адам көп жүретіндіктен дәрігерлер міндетті түрде кездесетін көрінеді. Егер болмай жатса нұсқаулық бойынша алғашқы көмекті өздері көрестеді.
Пойыз бастығы болып жүрген кезде де түрлі жағдаймен бетпе-бет келіп жатамын. Бірде Атырау бағытында кетіп бара жатқанда да жүкті әйелдің толғағы келді. Абырой болғанда пойыздан медицина қызметкері табылып, әйелді босандырып алдық. Келесі станцияда оларды жедел жәрдем күтіп алды. Босанған әйелді баласымен аман-есен дәрігерлерге тапсырдық,-дейді Күлебаева.
Мейрам күндерін жолда өткіземіз
Темір жол саласы халыққа қызмет көресететіндіктен жолсеріктер мейрамда демалмай жұмыс істейді екен. Пойыз үнемі жүріп тұру керек. Қызметшілердің кезегі қалай келеді, солай жұмысқа шығып отырады. Біздің кейіпкеріміз Жаңа жыл, 8 наурыз және тағы басқа мейрамдарды жолда талай қарсы алыпты. Биылғы 8 наурыз бен 22 наурыз мейрамында да жолда болатынын айтады.
Мейрам күндері кезекке түскенде жолаушыларға жақсы көңіл-күй сыйлауға тырысамыз, оларды құттықтап, ізгі тілегімізді айтамыз. Жолаушылар да бізді құттықтап жатады, бір сөзбен айтқанда бір-бірімізге қуаныш сыйлап жатамыз. Кейде 8 наурызда әйел адамдарға өз компаниямыздың атынан сыйлықтар таратамыз. Жолаушылар арасынан домбырамен келіп ән айтып, құттықтап қуантатын кездері де болды. Кейбірі гүл әкеп беріп, тортымен келіп жатады. Адамдар әртүрлі болады, позитивті жандар да көп кездседі. Бірде менің туған күнім кезекшілігіме сәйкес келді. Әріптестерім құттықтап жатқанын естіген болу керек, бір кісі қолында гүлі мен рафаэлло деген кампиті бар келіп мені құттықтап тұр. Күтпеген жерден жақсы тілегін айтып келіп тұрғанына қатты қуанып, марқайып қалдым. Ондай қызықты жағдайлар да жол үстінде болып тұрады,-дейді ол.
Сағынышпен өткен күндер
Бибажар отбасында екі қыз бен бір ұл тәрбиелеп өсірген адам. Қазір алты немересі бар. Көбінде жолда жүретіндіктен балалар да соған үйренгенін айтады. Дегенмен алғашқы кездерде балаларды сағынып, қиын күндерді басынан өткеріпті.
Жолсерік болғандықтан 6-8 күнге дейін жолда жүреміз. Ол кезде балалар қашан келесің деп жолымды күтумен болатын. Үйге келгенімде мама деп қуанғандарынан алдымнан жүгіріп шығатын. Мен үйде болғанда олар үшін қуаныш, мереке еді. Бала үшін ананың орны қашанда бөлек қой. Біз бала үшін жаратылғанбыз. Қастарында болғанымда әрқайсының сүйікті тағамдары мен тәттілерді жасап беріп қуантатынмын. «Анамның қасымызда болғаны қандай жақсы» деп олар жанымнан шықпай, айналшықтап кетпей қоятын. Балаға ананың жылы сөзінің өзі қуаныш сыйлайды ғой, сондықтан жандарында болғанда оларды еркелетуге тырысатын едім. Біздің жұмыста қиындық та көп. Әсіресе әйел адамы үшін қиындау, бала-шағадан жырақтау кетесің,-дейді теміржолшы.
Бибажардың бір қызы анасының жолын қуып, темір жол саласында жұмыс істеп жүр екен. Ол біраз жыл жолсерік болып жұмыс істеген. Қазір бала тәрбиесімен үйде отырған көрінеді. Тағы бір қызы Қазақ көлік және коммуникациялар оқу орнын есепші мамандығы бойынша бітіріпті. Ұлы әскери қызметте жұмыс істейді.
Бала күнгі арман
Біздің кейіпкеріміз бала кезінен форма киіп, органда жұмыс істеуді армандаған екен. Өйткені нағашыларының барлығы әскери қызметте, органда жұмыс істегендіктен ол да әскери болуды армандапты.
Туыстарымыз үйге келгенде формаларын киіп алып, айна алдына барып әскери болсам деп армандаушы едім. Дегенмен маған осы жолсерік болу бұйырған екен, мұнда да формамен жүреміз әрі халықпен тығыз байланыста жұмыс істеймін. Халықпен жұмыс істеген соң бірде жақсы, бірде қиындықтар болып жатады. Өмірдің өзі де сол жақсылық пен жамандықтан тұрады ғой. Жұмысым өзіме ұнайды, еш өкінішім жоқ,-дейді Бибажар.Алматы-Өскемен пойызына бастық болып отырған ол халықтың діттеген жеріне аман-есен жетуіне жауапты екенін айтады.
Қазір бір пойызды басқарып отырмын. Бір құрамда жиырма вагонға дейін бар. Онда шамамен 650-680 адам болады. Сондықтан маған артылған жауапкершілік те жоғары. Жолаушылардың діттеген жеріне дейін аман-есен жетуіне мен жауаптымын. Халықтың техникалық қауіпсіздігі менің мойнымда, тіптен жолсеріктерге дейін мен жауап беремін,-дейді ол.Сөз арасында ол қазір пойыздың вагондары жылдан-жылға жаңарып, халыққа қызмет көрсету сапасы да артып келе жатқанын айтты.
Компаниямыз жаңа вагондар алып, шетінен жақсартып келеді. Оның барлығы халыққа дұрыс қызмет көрсету тұрығысында жасалып отыр. Өйткені халықтың көбі осы пойызбен қатынайды. Ұшақпен ұшуға екінің-бірінің жағдайы келе бермейді,-дейді теміржолшы.
Сөз соңында ол еліміздің әйелдер қауымын 8 наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Бар қыз-келіншекті 8 наурыз мейрамымен құттықтағым келеді. Аяулы қыз-келіншектерге, аналарымызға бақыт тілеймін, дендеріңіз сау болып әрдайым құлпырып жүре беріңіздер. Отбасыларыңызға амандық тілеймін, мына пандемиядан тезірек құтылып, жақындарыңызбен жиі қауышуды бұйыртсын. Еліміз көркейіп, өркендей берсін. Қазіргі бейбіт заманда әйелдердің көз-жасы текке төгілмесін. Барлықтарыңызға тек бақыт тілеймін,-деп түйіндеді ол сөзін.