БИЛ және "Дарын" мектептеріне қалай қабылданады

Үміткерлерге қойылатын талаптар белгіленді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқу-ағарту министрлігі мамандандырылған орта білім беру ұйымдарына 8-сынақа қабылдау тәртібін әзірледі.

Бұған дейін мұндай шарттар 5, 6, 7 және 10-сыныптар үшін ғана нақтыланған болатын.

Жаңа тәртіпке сәйкес, аталған оқу орындарына 8-сыныпқа қабылдану үшін талапкерлер келесі пәндер бойынша жалпы саны 85 сұрақтан тұратын тест тапсыруы тиіс:

Оқуға түсушілерге арналған тестілеу:

1) 5-сыныпқа арналған тестілеу мынадай пәндер бойынша 40 сұрақтан тұрады:

математика және логика - 30 сұрақ;

оқу сауаттылығы - 10 сұрақ.

2) 6-сыныпқа арналған тестілеу мынадай пәндер бойынша 60 сұрақтан тұрады:

математика және логика - 35 сұрақ;

оқу сауаттылығы - 15 сұрақ;

Қазақстан тарихы - 10 сұрақ.

3) 7-сыныпқа арналған тестілеу мынадай пәндер бойынша 75 сұрақтан тұрады:

математика және логика - 55 сұрақ;

оқу сауаттылығы - 10 сұрақ;

Қазақстан тарихы - 10 сұрақ.

4) 8-сыныпқа арналған тестілеу мынадай пәндер бойынша 85 сұрақтан тұрады (қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектептер үшін):

математика және логика - 30 сұрақ;

оқу сауаттылығы - 15 сұрақ;

қазақ тілі мен әдебиет – 40 сұрақ.

5) 10-сыныпқа арналған тестілеу мынадай пәндер бойынша 95 сұрақтан тұрады:

математика және логика - 60 сұрақ;

оқу сауаттылығы – 10 сұрақ;

Қазақстан тарихы - 25 сұрақ.

Тестілеуге бөлінген уақыт 5 сыныпта – 60 минут, 6 сыныпта – 90 минут, 7 сыныпта – 120 минут, 8 сыныпта – 150 минут, 10 сыныпта – 180 минут (тест материалдарын тарату, Жауап парағының бөлімдерін толтыру, сондай-ақ түсіндіру жұмыстарының уақыты көрсетілген уақытқа кірмейді).

Әскери іс, спорттың, өнер, тіл мен әдебиет негіздері бойынша дарынды балаларды жетілдіруге бағытталған білім беретін мамандандырылған білім беру ұйымдары, мектеп Жарғысына сәйкес, функционалды кәсіби, психологиялық, шығармашылық және физиологиялық мәліметтерді ескере отырып, талапкерлердің екінші турын өткізеді.

Қабылданатын білім алушылардың жалпы санынан 15% мөлшерінде іріктелетін халықтың әлеуметтік осал топтарына:

мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын ауылдық жерден шыққан отбасының балалары;

ата-аналарының біреуі бірінші топтағы мүгедектігі бар отбасының балалары;

мүгедек баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған отбасылар;

жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

отбасыларда тұратын жетiм балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

төтенше жағдайлар салдарынан шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар;

аналары «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы отбасылардан шыққан балалар;

экологиялық зілзалалар, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйінен айырылған отбасыларының;

мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді, әскери қызметті атқарған кезінде, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындалу немесе жүзеге асыру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасыларының балалары жатады.

Конкурстық комиссияның құрамына конкурстық комиссияның төрағасы, Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің өңірлік органдарының, "Дарын" орталығының оқу-әдістемелік кеңесінің, арнайы мониторингтік топтар қызметкерлері, білім беру саласындағы қоғамдық ұйымдар өкілдері кіреді.

Еске салайық, алдағы оқу жылынан бастап лицейлер мен гимназияларға 1-сыныпқа қабылдау үшін балалар енді ешқандай емтихан тапсырмайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы