Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына орай көрме ашылды

Алматы метрополитенінің «Мәскеу» бекетінде Қазақстанның Халық әртісі Бикен Римованың 100 жылдық мерейтойына орай «Өнермен өрілген ғұмыр» атты шығармашылық көрмесі өтті,  деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Көрмеде актрисаның сахнада киген костюмдері, өзі тіккен көйлектері мен сөмкелері, пайдаланған жеке заттары мен экспонаттары, медальдері, фотосуреттері қойылды.

«Анам бар өмірін театрға арнады. Бала кезімізден сахнаның артында өстік. Театрды әлі күнге жақсы көреміз, ерекше бағалаймыз. Талантты әртістердің көзін көрдік. Дегенмен анамның жолын біздер жалғастырмадық. Мен экономика саласына бет бұрдым. Бүгінгі шараны ұйымдастырып, қолдау білдіргендерге алғысымды білдіремін. Анам өмірде өте тамаша әйел, ана, әртіс, әже бола білді. Талдықорған драма театрына анамның аты берілгенде қуаныштан жүрегіміз жарылардай болды.  Қарап отырсам, театр анамыздың атын әлі күнге жаңғыртып Республикамыздың әр өріне танытып жүр. Бикен Римованың жолын жалғайтын талантты, өнерлі қазақ қыздары көп болсын», – дейді Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова. 

Аталмыш іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің және Халықаралық «ТҮРКСОЙ» Мәдени ұйымының қолдауымен Жетісу облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Б.Римова атындағы Талдықорған драма театры ұйымдастырды.

Шығармашылық көрмеге Бикен Римованың замандастары, сахнадағы әріптестері және театр өнерінің майталмандары мен зиялы қауым өкілдері қонақ болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы