Биік ғимараттағы атыс: оққа ұшқандар арасында полиция қызметкері де бар

Нью-Йорк қаласының Манхэттен ауданындағы биік ғимаратта болған жаппай атыс салдарынан төрт адам көз жұмды. Қаза тапқандардың арасында Нью-Йорк полициясының қызметкері де бар. Қылмыскер өз-өзіне қол жұмсап, оқиға орнында жан тапсырған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі ВВС-ге сілтеме жасап.

Оқиға 28 шілде күні кешке Парк-авенюдегі кеңсе ғимаратында болған. Лас-Вегастан келген 27 жастағы Шейн Тамура есімді ер адам қарумен ғимаратқа кіріп, алдымен вестибюльде оқ жаудырған. Кейін лифтімен 33-қабатқа көтеріліп, тағы бірнеше адамға оқ атқан. Содан соң өзін-өзі атып өлтірген.

Қаза болған төрт адамның бірі – 36 жастағы Дидарул Ислам есімді полицей. Ол оқиға кезінде қауіпсіздік қызметін атқарған. Ислам – Бангладештен шыққан иммигрант, екі баланың әкесі, үшінші баласын жақында күтіп жүргені хабарланды. Нью-Йорк полиция департаментінде үш жарым жыл қызмет атқарған. Қала басшылығы оны "нағыз батыр" деп атады.

Фото: Нью-Йорк қаласының Полиция департаменті

Полицияның хабарлауынша, шабуылдаушы әрекетін жалғыз жасаған. Оқиға кезінде тағы бір адам ауыр жараланып, ауруханаға жеткізілді. Қазіргі жағдайы – тұрақты.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға болған кезде ғимарат ішінде дүрбелең туындап, адамдар кеңселерге тығылып, есіктерді диванмен бөгеген. Көшедегілерге полиция бас сауғалап, ғимараттарға жасырынуды ескерткен. Қауіпсіздік қызметі ғимаратты бірнеше сағат бойы тексеріп шықты.

Ғимаратта Ұлттық футбол лигасы (NFL), Blackstone, KPMG секілді ірі ұйымдардың кеңселері орналасқан. Қазір тергеу жүріп жатыр. Полиция Тамураның психикалық ауытқулары болғанын хабарлады. Оның көлігінен бірнеше оқ-дәрі мен револьвер табылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы