Биг Шанхайдағы өрттің себебі қашан белгілі болады?
Үкіметте өткен брифингте Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев елордадағы Биг Шанхай базарының не себепті өртеніп кеткені жақында белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Биг Шанхайдағы өрт салдарынан жүздеген кәсіпкер банкротқа ұшырады. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Десе де өрттің неден шыққанына болжам бар ма? Базар кезінде қолданысқа берілгенде өрт қауіпсіздігі талаптарынан қалай өткен? Енді осы алапат өрттен кейін ТЖМ елдегі барлық базарды өрт қауіпсіздігіне тексере ме? – деп сұрады БАҚ өкілі.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев таңғы 3 кезінде Биг Шанхайдың қасында орналасқан №7 өрт сөндіру бөлімі өрт шыққанын байқап, өздері келгенін айтты.
Уақытын жіберіп алған. Біз келгенде іші өртеніп жатты. Бір жақ бөлігі құлаған. Бірақ өрт сөндірушілер кешкі 6.30-ға дейін өртті сөндіргенше жұмыс істеді. Оның қасындағы Орда базарын өрттен аман алып қалдық. Өрт сөндіру талаптарын сақтауға қатысты тексеретін аудит бар. Аудит тексергенде кемшілік жоқ екенін айтқандықтан, біз ол объектіні тексермеген едік. Қазіргі кезде іс қозғалды. Сараптама айдың соңына дейін дайын болады. Сол кезде себебі айтылады, - деді ТЖМ өкілі брифингте.
Кеген Тұрсынбаев 2020 жылдан 2023 жылға дейін мораторий болғанын еске салды. Сол кезде осындай үлкен сауда үйлерін ТЖМ тексермеген.
Жалпы біз үлкен сауда үйлерін жыл сайын тексереміз. Биыл 63 сауда объектісін тексердік. Нәтижесінде өрт қауіпсіздігін бұзатын 941 факті анықталды. Қазіргі кезде заңға өзгерістер енгізілген. Соның бірі – адам көп жүретін сауда объектілері сақтандыруға жатады. Осындай өзгерістер өрт қауіпсіздігі деңгейін арттырады деп ойлаймын, - деп түсіндірді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін BIG Шанхайдағы өртте зардап шеккен саудагерлерге тауарды сақтандыру қалай көмектесетінін жазған болатынбыз. Сонымен қатар, "Биг Шанхайдағы" өрттен зардап шеккен 300 кәсіпкер не істейтінін де қарастырған болатынбыз.