"Биг Шанхай" базарындағы өрт: зардап шеккендерге әлі ешқандай көмек көрсетілмеген

Астанадағы "Биг Шанхай" базарындағы алапат өрттен соң базар басшылығы сауда нүктелері толығымен жанып кеткен кәсіпкерлерге әлі күнге хабарласып, жағдайларын да білмеген. Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне базардағы саудагерлердің бірі мәлімдеді.

Сауда павильондары толықтай жанып кеткен Нәзірбек Ахметовтің айтуынша, тауарларының күлі көкке ұшқан. Ал шығынның нақты көлемі туралы ақпарат әлі белгісіз.

Әлі күнге ештеңе белгісіз, бізге ешкім ләм-мим деп жақ ашпады. Базар толығымен өртеніп кеткен соң оны жауып тастады – сонымен болды. Қазір бәріміз үйдеміз, әзірге демалып жатырмыз, - дейді кәсіпкер.

Ахметов өзінің шығынын 4-5 миллион теңгеге бағалап отыр. Ал басқа кәсіпкерлердің шығыны 70-тен 400 миллион теңге аралығында. Өрт туралы ер адам түнде білген, оған базардың жанында орналасқан жатақханадан хабарласқан.

"Шанхайда" өрт болып жатыр деп айтты. Дереу бардым, келген кезде аумақ қоршаулы болды: өрт сөндірушілер, полиция, ГАИ, бәрі сол жерде жүрді. Тек алыстан ғана қарап тұрдық, - деп еске алды сол түнді ол.

Одан кейін өрт болған ауданда арнайы штаб ұйымдастырылғаны белгілі. Алайда Ахметовтің сөзінше, кәсіпкерлерге ешқандай материалдық көмек көрсетілмеген.

Банк пен салық комитетінің өкілдері келді. Негізінен кімнің несиесі бар, соларға құжаттармен көмектесті. Бұл әзірге тек қағаз жүзіндегі көмек қана, ешқандай материалдық қолдау көрген жоқпыз. Бизнес бастаймыз деп несие алғандардың несие төлеу мерзімдерін кейінге шегерген. Менің өз басымда несие жоқ, - деп ағынан жарылды Ахметов.

Сондай-ақ саудагер базар басшылығының оларға байланысқа шықпағанын және басқа сауда алаңдарында уақытша сауда жасай туралы ешқандай ұсыныстарының болмағанын айтып отыр.

Жоқ, бізге хабарласқан жоқ. Мүлдем хабар-ошарсыз жоқ болып кетті. Біз олар қашан хабарласады деп күтіп жүрміз, - дейді амалы таусылған кәсіпкер.

Нәзірбек Ахметовпен әңгімелескен соң BAQ.KZ редакциясы "Биг Шанхай" базарының басшылығымен хабарласуға тырысты. Ұзақ уақыт бойы қоңырауларға ешкім жауап бермеді. Дегенмен қысқаша диалогтың сипаты мынандай:

- Жалпы, өздеріңіз өрттен зардап шеккен барлық сауда нүктесінің саны қанша екенін анықтай алдыңыздар ма?

- Базар толығымен.

- Базар тұтастай өртеніп кетті ғой, дұрыс па?

- Иә.

- Ал өрт салдарынан келтірілген шығынның алдын ала мөлшері белгілі ме?

- Жоқ.

- Яғни сіздер қазір әлі есептеулер жүргізіп жатырсыздар ғой?

- Иә.

- Ал мүлкі, тауары толығымен өртеніп кеткен кәсіпкерлер үшін қандай қолдау шаралары қарастырылған?

- [осы сәтте байланыс үзіліп кетті].

Редакция сонымен қатар ресми пікір алу үшін елорда әкімдігіне хабарласып көрді. Ведомство бұл жағдайға ешқандай пікір білдіре алмаймыз деп отыр, себебі сұрақтарға тікелей "Биг Шанхай" базарының өкілдері жауап беруге тиіс. Сонымен қоса, Астана әкімдігі базар басшылығынан түсініктеме алуға ықпал етуге уәде берді.

Материал жарияланып жатқан кезде базар әкімшілігінен уәде еткен толыққанды ақпарат пен жауаптарды ала алмадық. Кәсіпкерлер әлі күнге қолдау шаралары мен саудаларының қалпына келуін сарғая күтіп, шарасыз күйде жүр.

BAQ.KZ редакциясы оқырмандарды нақты ақпараттармен жедел қамтып, жағдайды бақылауда ұстайды.

Еске салайық, бұған дейін елорданың Алаш тасжолы Байқоңыр ауданында орналасқан "BIG Шанхай" сауда үйінің ғимараттарының бірінде ірі өрт болды. ҚР ТЖМ таратқан деректерге сәйкес, 30 113 шаршы метр аумақтағы өрт толықтай ауыздықталды. Өрт сөндіру кезінде ТЖД үш қызметкері зардап шекті. Қазіргі таңда өрт себептері анықталып жатыр.

Белгілі болғандай, базардағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсету штабы ашылды. Базар әкімшілігінің айтуынша, өрт салдарынан 262 кәсіпкер зардап шекті. Кәсіпкерлер 80-90 млн теңгенің тауары кеткенін айтып, ашынып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: коллаж BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы