Биеннале деген не? Тоқаев оған қатысуға не үшін өтінім берді?

Жақында Мәдениет және ақпарат министрлігі Италияның Венеция қаласындағы биенналеде Қазақстанның ұлттық павильоны ашылатынын хабарлады. Оған қатысуға Италияға барған сапарында Мемлекет басшысының өзі өтінім берген. Осыған орай, биеннале деген не, оған Қазақстан не үшін қатыспақ және не ұсынбақ екенін зерттеп көрелік.

Әлемнің ең беделді көрмесі

Биеннале – екі жылда бір рет өткізілетін өнер көрмесі, фестиваль немесе шығармашылық байқау. Уикисөздік дерегіне сәйкес, әлем бойынша биенналенің ең танымалы –1895 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Венеция көрмесі.

Қазақстан 2005 жылы Венеция өнер биенналесіне Орта Азия павильонының құрамында алғаш рет қатысты. Ол сол кезде бомба жарылғандай әсер берді, өте маңызды бастама болды. Өйткені Орта Азия аймағы мәдениетті насихаттау жағынан жабық болатын, - деді Өнертану ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз сарапшы Екатерина Резникова.

Ол да Венеция биенналиесін заманауи өнердің әлем бойынша ең беделді көрмесі деп бағалады. 2022 жылы Қазақстан аталған көрмеде алғаш рет ұлттық павильонын ашқан болатын. Ал биыл еліміз Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдауымен бірінші рет мерейтойлық 60-шы биенналеге қатыспақ.

 

Қазақстан не үшін қатыспақ?

Венеция биенналесі секілді халықаралық деңгейдегі шараларға қатысу Қазақстанның әлемдік аренадағы интеллектуалды және шығармашылық әлеуеті жоғары ел ретінде имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Ең басты мақсат – ұлттық мәдениетімізді әлемге таныстыру ғана емес, жас мамандарға тәжірибе алмасуға мүмкіндік беру, - деді Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова баспасөз конференциясында.

Ұлттық павильон кураторлары болып Данагүл Төлепбай мен Анвар Мүсірепов тағайындалды. Олар көрмеге дайындық барысында бір тақырып біріктіретін суретшілердің бірнеше буынының шығармаларын жинақтады. Кейіннен кураторлық зерттеулер арқылы қазақ өнеріндегі футуризм эволюциясын көрсететін түйінді образдарды анықтады.

Біз сияқты жас кураторларға Қазақстанның өнер тарихын заманауи келбетпен қайта қарап, өнерімізді әлемге таныту мүмкіндігі берілді. Бұл – Қазақстанның мәдениеті мен өнерін дамытуға үлкен қадам. Біздің міндетіміз кезекті көрмені ұйымдастыру ғана емес, қазақ суретшілерінің жаңа қозғалысын дамытуға, оларды футуризммен байланыстыратын және ұлттық мәдениеттің бірегейлігін көрсететін тренд жасауға шабыттандыруға тырысамыз. Біз футуризмге деколониялдық тұрғыдан қараймыз, - деді павильон кураторы Данагүл Төлепбай.

Оның айтуынша, көрменің мақсаты – 1970 жылдардан басталған қозғалыстың бүгінге дейінгі өзіндік тарихы бар екенін көрсете отырып, болашаққа арналған утопиялық бейнелер мен көзқарастардың хронологиясын ұсыну.

 

Көрмеде не көрсетеміз?

Ұлттық павильон «Jeruıyq: Көкжиекке көзқарас» деп аталды. Jeruıyq – ізденіс пен жол метафорасын қамтитын Қазақ аңыздарынан алынған утопия. Экспозицияда футуристік көкжиектер мен қазіргі порталдардан басқа өлшемдерге дейінгі қиял әлемі ұсынылады. Jeruıyq концепциясымен павильон кураторы Анвар Мүсірепов таныстырды.

«Jeruıyq: Көкжиекке көзқарас» атауы аңыз бойынша XV ғасырда танымал жырау, философ және Керей мен Жәнібек хандардың кеңесшісі болған Асан қайғы іздеген утопиялық мемлекет тақырыбына арналған. Ол қазақ даласындағы алғашқы утопиялардың бірі деуге болады. Яғни уақыт тоқтап қалған, ауру мен кәрілік жоқ, адамдар мінсіз өмір кешетін қиялдағы мемлекет, - деді ол.

Анвар Мүсірепов павильонның дизайн айдентикасына да тоқталды.

Фото: автордан

Дизайнерлеріміз логотипте әртүрлі мағынада шаң метафорасын негізге алды. Әрине, Қазақстанның мәдени ерекшелігін айшықтайтын даланың шаңы. Сондай-ақ шаң – заманауи метафора. Мысалы, тамаша авторлардың бірі Юджин Такер шаңды ғаламшардың санасы сияқты сипаттаған, - деді павильон кураторы.

Ол логотиптегі қанық көк түстің де мәнін түсіндірді. Мүсіреповтың айтуынша, көк түсті таңдау тек дизайнерлік емес, сондай-ақ концептуалды шешім. Өйткені ол күннің ымырт уақытын білдіреді.

«Jeruıyq: Көкжиекке көзқарас» Венеция биенналесінің бас кураторы Адриано Педроса ұсынған 2024 жылғы «шетелдіктер барлық жерде» тақырыбын жалғастырады.

Біздің көрме жобасын «Шетелдіктер барлық жерде» деген ортақ концепцияға қосуға керемет мүмкіндік туып тұр. Себебі жаһандық орын ауыстыру (перемещение) тақырыбы өте өзекті. Біздің қазақстандық суретшілердің уақыт ауысуын қозғауы өте қызық. Өйткені Қазақстанның өткенін бейнелейтін жұмыстар бар. Оның ішінде әртүрлі визуалды образдар мен көмеймен ән айту элементтері көшпелі өмірді түсінуге көмектеседі. Сондай-ақ болашақ тақырыбы да қозғалады. Өйткені көркемөнер туындыларының пішіні мен мазмұнынан көрініс тапқан футурологиялық болжамдардың символдық мәні бар, - деді Өнертану ғылымдарының кандидаты, тәуелсіз сарапшы Екатерина Резникова.

Тақырыпты бірнеше ұрпақ аясында көрсету үшін қазақстандық суретшілердің жұмыстары мұқият таңдалған. Оның ішінде Камиль Муллашевтың «Жер және уақыт. Қазақстан» диптихі, Ерболат Төлепбайдың «Жаңа бала. Қайта туылу» атты жаңа монументалды туындысы, Сәкен Нарыновтың «Бір жанның алты өмірі» мен «Бастаудың соңы немесе соңының басы» жобалары, Сергей Масловтың «Байқоңыр-2» туындысы бар.

Фото: автордан

Сонымен қатар, Қазақстан павильоны аясында The2vvo тобы «Болу» саунд-инсталляциясында виртуалды болмыс, шынайы уақыт режимінде көмеймен ән «орындайтын» генеративті алгоритм жасаса, суретші және куратор Анвар Мүсрепов бұл өмірдің соңғы күндері мен ақырзаманнан кейінгі болашақ туралы «Аластау» атты эксперименталды мистикалық бейнеэссесін ұсынады.

Фото: автордан
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы