Биді «подтанцовка» ретінде қараудан арылу керек – хореограф
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше мәрте халықаралық би сайыстарында бас жүлдеге ие болған, үлгілі хореографиялық «Нұрсәулем-ай» би ансамблінің жетекшісі Меруерт Жараспаевамен елдегі би өнерінің дамуы және басқа да тақырыптар төңірегінде сөйлескен едік.
«Нұрсәулем-ай» би ансамблінің негізі Жезқазған қаласында құрылған. Кейіннен елордаға қоныс аударған. Жетекшісі Меруерт Аспандиярқызы осы күні астаналық шәкірттеріне білген-түйгенін үйретіп жүр. Меруерт «сегіз қырлы, бір сырлы жан». Ол 2011 жылы «Миссис Қарағанды» байқауының жеңімпазы. Сонымен қатар, отандық арналардың бірінде «Қосалқа» атты телебағдарламаның продюсері әрі жүргізушісі болған.
Тілші: «Нұрсәулем-ай» би тобының елордаға қоныс аударғанына қанша жыл болды?
Меруерт Жараспаева: Нұр-Сұлтан қаласына келгенімізге сегіз жылдан асты. Негізі ансамбль 2002 жылы құрылған. Балаларды үш жастан қабылдаймыз. Телевизиялық және коммерциялық жобаларда өнер көрсететін үлкен топтарымыз да бар.
Тілші: Жалпы, еліміздің бас қаласына ауысуға не түрткі болды?
Меруерт Жараспаева: Жезқазғаннан кейін Алматыда «Айгөлек» балалар байқауында жұмыс істегенмін. Қызым Самира бірінші сыныпты астанада «Бәйтеректің» қасында оқу керек деп ойлағанмын. Ол кезде қызым үш жаста болатын. Сол ойым жүзеге асты. Самира алғашқы қадамын сол жағалаудағы мектептердің бірінде аттады. Негізі Жезқазғаннан көшемін деп ойламағанмын. Ол жақта үйім, жұмысым барлығы болды. Бірақ өмірдің ағымы осыған алып келді.
Жезқазғанда жүргенде қыркүйекте топқа 300-400 бала жиналатын. Астанада алғашында таныстар арқылы 3-4 баладан тапқанбыз. Бір жылдан кейін 150 балаға жетті. Оған себеп, біздің «Айгөлек» байқауында бас жүлде алуымыз. Телеарна арқылы танылған соң, ата-аналар өздері іздеп келе бастады.
Тілші: Байқауларға жиі қатысып тұрасыздар ма?
Меруерт Жараспаева: Бұрын байқаулардың мәні болатын. Жезқазғанда жүргенде облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың барлығына баратынбыз. «Айгөлек» телевизиялық жобасында бас жүлдеге ие болдық. Осы күні кубок қойып өткізіліп жатқан конкурстар көп. Бірақ көбісі коммерциялық мақсатта өткізіледі. Тек ақшаны көздейтіндер бар. 10-15 жылдан бері тер төгіп жүрген топтарды жұмысын жарты жыл бұрын бастағандармен қатар қойып жатады. Бұл балаларға обал. Астаналық хореографтардың әлеуметтік желіде ортақ чатымыз бар. Сонда осы ойымды айтып отырамын.
Тілші: Жалпы, биге деген қызығушылығыңыз қалай басталып жүр?
Меруерт Жараспаева: Бала күнімнен сол биге қатысып жүрдім. «Шашу» халықтық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Тәуіржан Рахаттан тәлім алғанбыз. Ол кісі менің ұстазым. Одан кейін дүниеден өтіп кеткен марқұм «Мақпал» би ансамблінің жетекшісі Гүлмира Жақыпқызының шақыруымен 19 жасымда еңбек жолымды бастадым. Ол кісі Жезқазағандағы Оқушылар сарайына шақырып, жай биден сабақ бересің деген. Кейіннен өзімнің жеке тобымды аштым. Экономика мамандығы бойынша дипломым болса да, әлі күнге дейін осы салада жүрмін. Бар жан-дүниеммен шығармашалыққа кіріп кеттім десе де болады.
Тілші: Би өнерін қазақ халқы мамандық ретінде қабылдамайтыны бар. Ата-анаңыз қарсылық танытпады ма?
Меруерт Жараспаева: Әрине, алғашында әкем менің қайда барып, не істеп жүргенімді білген жоқ. Біз Кеңес одағы кезінде дүниеге келдік. Биге өзіміз барып жазылатынбыз. Киімді де орталықтан беретін. Ал қазір бір ата-ана бір көйлекті кемі 50-60 мыңға тіктіреді. Сосын кейін бимен айналысып жүргенімді байқап, хобби деп ойлайды. Сөйтіп, экономист боласың деп жоғары оқу орнына түсірді. Бірақ жүрегім шығармашылықты қалап тұрды. Дегенмен, олар да менің қалауымды түсініп, қолдау көрсете бастады. Жақында телехикаяға да түстім. Енді өзімді актриса ретінде де байқап көріп жатырмын. Өз ісіме адалмын. Не дүниені қолға алсам да, «показуха» үшін істеген емеспін.
Тілші: Сіз үшін би деген не? Несімен ерекшеленеді?
Меруерт Жараспаева: Бізде халық биінің беделі жоқ. Жалпы, бишілерді көпшілік «подтанцовка» ретінде қарайды. Әйтеуір 1 мамырдағы Қазақстан халықтарының бірлігі күнінде әр ұлттың киімін киіп билеуге шақырады, наурызда ұлттық билерді билеткізеді. Би деген – ата-бабаларымыздан қалған дәстүр. Күй қалай шықса, биде солай дүниеге келген. Мысалы, «лезгинка» биі тау халықтары ерлерінің от болып жанып тұрғанын көрсетсе, қазақтың халық билері қыздарымыздың нәзіктігін суреттейді. Сондықтан өз дәстүрімізге үрке қарамауымыз қажет. Биді «подтанцовке» ретінде қараудан арылу керек. Қазақ биіне насихат жетіспей жатыр. Телеарналардан әншілеріміз түспейді. Ал бишілер солардың артында әдемілік үшін жүргендей көрінеді. Менің «Қосалқа» атты телебағдарламам болды. Сонда әр бидің тарихын айтып, қимыл қозғалысын көрсетінмін. Өзіміздің билерді түгендеп, насхиаттамасақ, көрген бидің жетегінде кетеміз.
Тілші: Бүгінгідей нарықтық эконмика жағдайында хорегорафия мамандығына қызығушылардың саны артты ма әлде кеміді ме?
Меруерт Жараспаева: Елордада «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Қазақ ұлттық хореография академиясы бар. «Астана балетте» халықаралық деңгейде мойындалған кәсіби балет бишілері еңбек етсе, академиядағы абитуренттердің қойып жүргендері сәл өзгешелеу. Олар қазақы дәстүрге жақын билерді билеуге тырысады. Сондықтан қызығушылық бар. Жалақы жоғары, әлеуметтік пакеттері де қамтамасыз етілген. Бізде ата-аналар көбіне балаларын биге бір рет телеарналарға жарқырап шығару үшін немесе хобби ретінде айналыссын деп әкеледі. Мысалы, 8-9 жастағы қыздар: «апай сіз секілді хорегораф болғым келеді?» деп тұрады да, кейіннен 2-3 жылда ойлары өзгереді. Басқа мамандықты таңдап, оқуға түседі. Дегенмен, ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Шара Жиенқұлованың мектебінен шығып, жұмыс істеп келе жатқандар бар. Мысалы, солардың бірі – Қазақ ұлттық хореография академиясында ұстаздық ететін Алмат Шәмшиев. Өте талантты, бірақ оны хореографтар болмаса, басқа ешкім танымайды. Өйткені Қайрат Нұртастар секілді жұлдыз емес. Сондықтан жастар еліктейтін биге де танымал тұлғалар қажет.
Бір биді дайындау оңай емес. Кейде бір жылымыз кетеді. Бишілерім сахнаға шыққанда қатты қобалжимын. Кейде бір концерттің немесе телевизиялық жобаның жетекшісі келіп: «ертең 10 қызыңыз шығып, «3 движения» жасай салсыншы» дегенде қатты қапаланамын. Өйткені бізді еңбек осылай бағаландарына ренжимін.
Тілші: Жалпы, бір биді үйрену үшін қанша уақыт қажет?
Меруерт Жараспаева: Мысалы, репетуарымызда 12 би болады. Дайындық бидің қиындығына байланысты. Кейде шабыт болмай жатады. Бізде бір лезгинка биін бір жылдан бері бітіре алмай жүрміз. Биыл карантин басталып, тоқтап қалды. Өз басым, басқа ұлттық биін әбден түсініп алмай, шығара алмаймын. Ондайға өте жауапты қараймын.
Тілші: Шәкірттеріңізге қаталсыз ба?
Меруерт Жараспаева: Осыдан 10-15 жыл бұрынғы балалар мен қазіргі балаларды салыстыруға келмейді. Жаңа заманның балалары өте нәзік. Оларға ұрысып, үйрете алмайсың. Бұрын ата-аналар «ұрсаң, соқсаң да осыған үйрет» деп тастап кететін. Бүгінгі таңда психологиялық тұрғыдан ондайды қабылдай алмайды. Қазір балаларды қызықтырып ғана үйретеміз. «Апай бүгін растяжка осынша создық, ертең бұдан да асырамыз ба» деп тұрады.
Тілші: Бишілер қауымы дене пішімдерін қалыпты, әдемі сақтау үшін жаттығумен қатар, қатаң диета да ұстанып жатады. Сіз қандай диета түрін ұсынасыз?
Меруерт Жараспаева: Маған балалар үш жастан бастап келеді. Олардың дене-бітімдері сәл томпақтау болып келеді. Одан 7 жасқа толғанда бойлары өсіп, ысыла бастайды. Арықтамаған балаларды диетаға отырғызамыз. Нан жеулерін тоқтамыз. Дайындық кезінде корсет кигіземіз. Бізде ұл балалар бар. Олар өз салмағындағы қыздарды көтере алу керек. Сол үшін физикалық күш қуаттарын арттыратын жаттығулар да жасайды. Жалпы, ұлдарды жинау қызық болды. Алғашында бір ата-ана: «балам академияға түсетін еді, соны дайындауға көмектесіз бе» деп өтініш жасады. Ол баланы жарты жыл дайындадым, оқуға түсті. Осыдан кейін ұл балалармен жұмыс істеу ұнады. Мен үшін жаңа тәжірибе. Ұлдармен би шығарғанда өте әдемі көрінеді. Бірде сол биге қатысып жүрген шәкіртімнің біреуі мектепте бір баланы ұрып тастаған. Директор ата-анасын шақырып, «балаңыз каратэға қатыса ма?» деп сұрапты. Жоқ балам биші дегенде таңқалған екен. Өйткені ол «шпагатпен» отырып бір тепкен көрінеді. Содан кейін бұл балаға келіп, ешкім тиіспейтін болған.
Тілші: Әңгімеңізге рахмет!