Бүгiн 2026, 02:34 Фото: instagram.com/bibisarachess

Бибісара Асаубаева ең жоғары табыс табатын шахматшылардың ондығына енді

Асаубаеваның табысының артуы оның халықаралық жарыстардағы сәтті өнер көрсетуімен байланысты.

Қазақстандық гроссмейстер Бибісара Асаубаева әлемдегі ең жоғары жалақы алатын шахматшы әйелдердің үздік ондығына кірді. Forbes нұсқасы бойынша ол жыл ішінде 110 мың доллардан астам табыс тауып, 7-орынға жайғасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бибісара Асаубаеваның табысының артуы оның халықаралық жарыстардағы сәтті өнер көрсетуімен байланысты. Ол блиц бойынша әлем чемпионатында жеңіске жетіп, Үлкен Швейцария турнирінде үшінші орын алды. Сондай-ақ фристайл-турға қатысып, аталған додаға қатысқан алғашқы қыз атанды.

Рейтинг көшін қытайлық Джу Вэньцзюнь бастап тұр: оның табысы шамамен 382 мың долларды құрайды. Ал үздік ондықты үндістандық Дивя Дешмух 87 мың доллар көрсеткішімен түйіндеген.