Бүгiн 2026, 17:31

Бибігүл Жексенбай: Жаңа Конституция – Ұлттық құрылтайда басталған реформалардың логикалық жалғасы

Сенатор жаңа Конституцияның басты құндылығы – адам екенін ерекше атап өтті.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде ғылыми интеллигенция, жаңа технологиялар және IT саласының өкілдерімен кездесіп, жаңа Конституция жобасы жайлы пікір алмасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында сенатор елімізде кеңінен талқыланып жатқан жаңа Конституция жобасының мазмұны мен маңызына тоқталып, оны Әділетті Қазақстан құру жолындағы қоғамдық келісімнің көрінісі ретінде бағалады.

Өз сөзінде Бибігүл Жексенбай жаһандық геосаяси және геоэкономикалық өзгерістер жағдайында Қазақстанның саяси жүйесін жаңғырту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата заң – елдің ұзақмерзімді даму стратегиясын айқындайтын, тәуелсіздік пен тұрақтылықты нығайтатын құжат.

Жаңа Конституцияның басты құндылығы – адам. Жобаға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітіледі. Өмір сүру құқығының абсолюттік сипаты, сөз және шығармашылық еркіндігі, жеке өмірге қол сұқпаушылық, цифрлық кеңістіктегі құқықтарды қорғау, өлім жазасына толық тыйым салу сияқты нормалар нақты құқықтық кепілдіктермен қамтамасыз етіледі, - деді сенатор.

Сонымен қатар отбасын қорғау, тұрғын үйге қол сұқпаушылық және экологиялық жауапкершілік мәселелері Конституциялық деңгейде айқындалғаны айтылды.

Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтайда көтерілген бастамалардың жаңа Конституцияда жүйелі түрде көрініс тапқанын атап өтті. Атап айтқанда, білім, ғылым және инновацияны стратегиялық басымдық ретінде бекіту, цифрландырудың институционалдық-құқықтық негізін қалыптастыру, ұлттық бірегейлік пен қоғамдық келісімді нығайту, азаматтық диалог тетіктерін кеңейту мәселелері конституциялық нормаларға енгізілген.

Кездесу барысында жаңа басқару моделіне де назар аударылды. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы билік тармақтарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Халық кеңесінің рөлі азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалог алаңы ретінде айқындалғаны айтылды.

Сенатордың айтуынша, жаңа Конституция – тек құқықтық құжат емес, ол білімге, инновацияға және адам капиталына негізделген ұзақмерзімді ұлттық даму моделінің іргетасы.

Кездесу соңында қатысушылар Конституциялық реформаның маңызы туралы пікір алмасты.

Алдағы референдум ел болашағына қатысты маңызды шешім болмақ. Сондықтан қазақстандықтардың өз дауыстарын беруге сенатор шақырды.