Бүгiн 2026, 14:21 Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Бибігүл Жексенбай: Жаңа Конституция – халықтың мемлекетке деген сенім мандаты

Бибігүл Жексенбай Мемлекеттік басқару академиясында конституциялық реформаларды талқылады.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының тыңдаушыларымен және профессор-оқытушылар құрамымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында сенатор жаңартылған Конституция аясында жүзеге асырылып жатқан институционалдық реформалардың мазмұны мен маңызына кеңінен тоқталып, алдағы кезеңде Парламенттің қарауына ұсынылатын негізгі конституциялық заңдарға шолу жасады. Атап айтқанда, Президент, Құрылтай, Халық кеңесі туралы, сондай-ақ астананың мәртебесі мен әкімшілік-аумақтық құрылысқа қатысты заңдар сөз болды. Бұл құжаттардың қабылдануы мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасын қалыптастыруға бағытталғаны аталып өтті.

Сонымен қатар, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды нығайтатын жаңа институттар ретінде Құрылтай мен Халық кеңесінің рөліне ерекше назар аударылды.

Жаңа Конституция - тек құқықтық құжат қана емес. Бұл - халықтың мемлекетке деген сенім мандаты. Ал Құрылтай мен Халық кеңесі - осы сенімді іске асыратын тетіктер, - деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.

Кездесу аясында Мәжілістің қарауындағы жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы заң жобасы да талқыланды. Сенаторлардың бұл құжатты жетілдіру жұмысына да қатысып жатқаны айтылды. Заң жобасы мәслихаттардың рөлін күшейтуге, олардың өкілеттіктерін нақтылауға және өңірлік деңгейде қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға бағытталған.

Біз мәслихаттарды тек кеңесші органнан бюджетке ықпал ететін және халық алдында жоғары жауапкершілік жүктелген шешім қабылдайтын институттарға айналдыруымыз қажет, - деді сенатор.

Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың жаңа моделіндегі мемлекеттік қызметшілердің рөліне ерекше мән берілді. Конституциялық өзгерістер жағдайында кәсіби құзыреттерді арттыру, цифрлық трансформацияға бейімделу және азаматтармен ашық диалог орнату негізгі басымдықтар ретінде айқындалды. Іс-шара мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған реформаларды түсіндіруге, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілердің кәсібилігін арттыруға арналған маңызды диалог алаңына айналды.