Бибігүл Жексенбай сенатор атануы мүмкін
Астана қаласынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлаудың алдын ала нәтижелері бойынша 18 дауысқа, яғни барлық дауыстың 62,1 пайызына ие болған Бибигүл Жексенбай сенатор болса, алдымен Астананың әлеуметтік-экономикалық жағдайына көңіл бөлетінін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамту, цифрализация мәселелеріне көңіл бөлетінін айтып, азық-түлік белбеуіне тоқталды.
Азық-түлік белбеуі талай жылдан бері айтылып жүргенімен әлі қолға алынған жоқ. Елорда маңайында қаланы азық-түлікпен қамтамасыз ететін шаруашылық орындары аз, – деді ол.
Сондай-ақ журналист елорданы әлемдегі ең мықты астаналардың қатарынан көргісі келетінін жеткізді.Елорданың мықты болғаны – еліміздің мықты болғанын айтты.
Елордамызда балалардың ғана емес, ересектердің демалатын орындары өте аз. Соның ішінде спорттық ғимараттар көп болғанымен, халықтың емін-еркін спортпен айналысуына мүмкіндіктер әлі де шектеулі. Қала маңынан үлкен демалыс орындарын салуға мүмкіндіктер ашу керек, – деді Б.Жексенбай.
Журналист мәслихат депутаттарының сеніміне ие болғанына қуанып, сенатор болса, халық көкейіндегі өзекті мәселелерді заң жүзінде қамтуға күш салатынын айтты.
Маған журналист ретінде де көп адамдар хабарласып жатады. Ұлттық құрылтайда болғандықтан да ұсыныс-пікірлер көп. Сондықтан халықтың көтерген өзекті мәселелерін заң жүзінде қамтып, жергілікті әкімдік және мәслихатпен бірлесе шешуге талпынамын, – деді ол.