Бибігүл Жексенбай мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігіне алаңдайтынын айтты
Сенатор Бибігүл Жексенбай жануарлардан алынатын өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігі мәселелеріне қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, бұл сала еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі жүйесіндегі ең осал буын болып отыр.
Сондай-ақ ароөнеркәсіп кешеніне құйылып жатқан инвестиция көбейіп, саланың көрсеткіштері жақсарғанына қарамастан, жұртты ең алаңдататын мәселе – тұрақтылықтың басты өлшемі саналатын азық-түлік қауіпсіздігі екенін алға тартты. Мемлекет аграрлық секторды барынша қолдап, дамытуға күш салып отырған кезеңде мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылаудағы немқұрайлылық халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз етуге және еліміздің азық-түлік саясатына деген сенімге елеулі нұқсан келтіруі ықтимал.
Ветеринариялық бақылаудың әлсіздігі, тексерістердің тұрақсыздығы, зертханалық қуаттың жеткіліксіздігі, жем-шөпке қойылатын нормативтердің және жем-шөп базасын бақылаудың болмауы, сондай-ақ рұқсат етілетін шекті деңгейлердің реттелмеуі, антимикробтық резистенттілік деңгейінің артуы – әлсіз мониторингтің салдарынан күшейіп отырған жаһандық қауіп. Импортталатын мал шаруашылығы өнімдерінде жануарлардың өсу гормондары, стимуляторлар және өзге де тыйым салынған немесе қолайсыз қоспалар қосылған жеммен қоректенген қаупі бар. Осыған байланысты бұл көрсеткішке ерекше көңіл бөлу қажет, себебі дәл таңбалау халықтың өнімнің пайдалығы немесе зияндылығы туралы хабардарлығын қалыптастырады, – деп атап өтті Бибігүл Жексенбай.
Сенатор өз сөзінде халықаралық тәжірибеге де тоқталды. Оның мәлімдеуінше, ЕО, ЭЫДҰ мемлекеттері мен БҰҰ жүйесіндегі құрылымдар жануар тектес өнімдердің сапасын бақылауды өте қатаң жүргізеді. Бұл елдерде өсу гормондарына толық тыйым салудан бастап, антибиотиктердің алдын алу мақсатында қолданылуын шектеуге дейін нақты талаптар енгізілген. Сонымен бірге зертханалардың міндетті түрде аккредиттелуі, ашық мониторинг жүргізілуі және «мал азығы – өнім» қағидаты бойынша қадағалау жүйесінің жұмыс істеуі – негізгі талаптардың бірі. Дамыған мемлекеттерде есептілік ашық жүргізіледі, қалдық заттарға қатысты нормалар өте қатаң сақталады, ал өнімді таңбалау толығымен цифрлық жүйелер арқылы қамтамасыз етіледі.
Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын қамтамасыз етуде стандарттарына барынша сәйкестендіру және жем-шөпке арналған нормативтерді жетілдіріп, мемлекеттік стандарттар мен техникалық регламенттерді енгізу керек. Өнімдердің сертификатталуы және зертханалық зерттеулерден өтуі бойынша ашық қолжетімділігі бар ұлттық деректер базасын құрып, мониторинг жүргізу керек. Халық денсаулығына зиян келтірген жағдайларда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейтіп, кластерлік шешімдер арқылы органикалық қоспалар өндірісін дамыту және антибиотиктер мен гормондардың қауіптері туралы халықты ақпараттандыру жөніндегі жалпыұлттық кампания жүргізу керек, – деді Бибігүл Жексенбай.