Бибігүл Жексенбай: Азаматтық сектор – Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы негізгі күш
Сенатор Әділетті Қазақстан құру туралы айтты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай ҮЕҰ-ның дүниежүзілік күніне арналған іс-шарада сөз сөйлеп, Әділетті Қазақстанды қалыптастырудағы азаматтық сектордың маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Сенатор өз сөзінде Қазақстандағы азаматтық сектор мемлекеттік дамудың толыққанды қатысушысына айналғанын және Әділетті Қазақстан қағидаттарын жүзеге асыруда шешуші рөл атқаратынын айтты.
Күшті азаматтық қоғамсыз Әділетті Қазақстан құру мүмкін емес, - деді депутат Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзін келтіре отырып.
Депутат соңғы жылдары азаматтық сектор қол жеткізген негізгі жетістіктерге тоқталды. Олардың қатарында 2030 жылға дейінгі азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының қабылдануы, «Қоғамдық бақылау туралы» заңның қабылдануы, онлайн-петициялар институтының енгізілуі, сондай-ақ бейбіт жиналыстар, волонтерлік қызмет, қайырымдылық және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс салаларындағы нормалардың жаңартылуы бар.
Бибігүл Жексенбай жаңа Конституция жобасы адамға бағдарланған қағидатқа негізделгенін және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимыл моделін өзгертіп, оны серіктестік сипатқа жақындата түсетінін атап өтті. Негізгі жаңашылдықтардың қатарында цифрлық ортада азаматтардың құқықтарын қорғауды бекіту, қоғамдық диалогтың рөлін күшейту және құқықтарды қорғау институты ретінде адвокатураның конституциялық деңгейде бекітілуі бар.
Азаматтық сектор Әділетті Қазақстанды қалыптастыруда негізгі рөл атқарады. Ол сарапшы, қоғам мен билік арасындағы дәнекер, әлеуметтік инновациялардың бастамашысы әрі қоғамдық бақылаудың кепілі ретінде әрекет етеді. Күшті мемлекет – қоғамға сенетін және оған сүйенетін мемлекет. Белсенді, жауапты әрі кәсіби азаматтық қоғамсыз Әділетті Қазақстан мүмкін емес, - деп тұжырымдады Бибігүл Жексенбай.