Би және өмір: Би студиясы жасөспірімдердің өмірін қалай өзгертуде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Руслан мен Әсел Зелетдиновтар бірнеше жыл бойы бимен айналысып келеді. Бұл жұп үшін би тек хобби ғана емес, өмірлік маңызға ие. Олар биге үлкен мән береді, өйткені бұл физикалық белсенділік, өзін-өзі көрсету тәсілі, көңіл-күй мен энергияны басқаларға жеткізу мүмкіндігі.

Олар Ақтөбе қаласында би мектебін ашып, балалармен және жасөспірімдермен жұмыс жасап, өздері алған барлық дағдыларды балаларға беруге тырысып келеді. 7 жыл ішінде бишілер түрлі тағдырлармен кезікті, балалардың дамуға, өзін-өзі көрсетуге ықыласы бар екенін көрді. Алайда көбінде өзін-өзі дамыту үшін үйірмелерге қатысуға қаржылай мүмкіндіктері бола бермейді.

Шығармашылық өзімді табуға, ерік-жігерімді дамытуға, өз кәсібімді тануға мүмкіндік беретінін білемін. Бір күні күйеуіммен әңгіме барысында қоғам үшін пайдалы болатын жоба жасағымыз келетінін талқыладық. Біз балалар қылмысының азаюын, суицид, буллинг жағдайларының қысқаруын, балалар мен жасөспірімдерге кері ықпалдың азаюын қаладық, - дейді үйлестіруші Әсел Зелетдинова.


Осы орайда олар Ақтөбе қаласында «Break dance» федерациясы» РҚБ филиалын ашып, шығармашылық орталық құрып, әлеуметтік салаға көп көңіл бөле бастады. Әлеуметтік желіге қызығушылық танытқан жастар даму үшін көбірек мүмкіндіктер ашты. Осылайша олар әлеуметтік кәсіпкерлікке келді. 

Әлеуметтік кәсіпкерлік - бұл іс жүзінде бизнеспен тең, бірақ бұдан басқа ол халыққа, мұқтаж адамдарға пайда әкеледі. Біз табыс таба отырып, адамдарға да көмектесеміз. Бұл қайырымдылыққа мүлдем ұқсамайды, өйткені біз ақша немесе сыйлықтар бермейміз, адамдарға даму мүмкіндігін береміз, - дейді әлеуметтік кәсіпкер Әсел.

Зелетдиновтердің әлеуметтік кәсіпкерлік идеясы шығармашылықты жақсы көретін балаларға кеңістік құру және оларды біріктіру, бос уақыттарын ұйымдастыра отырып, деструктивті мінез-құлықтан алшақтату және спорт пен биге деген қызығушылығын арттыру болды.

Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыта отырып, Әсел мен Руслан Зелетдиновтар «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры жүзеге асыратын «Әрекет» жобасына қатысты. Олардың жобасы ақтық сынға өтіп, гранттар байқауының жеңімпазы атанды. Жас кәсіпкерлер 3 млн теңге көлемінде грант алды. Бұл оларға балалардың санын көбейтуге және қамтуға мүмкіндік берді. Бүгінде орталықта балаларды бидің әр түріне, фитнеске және модельдік іске үйретеді.

Жоба аясында ауқымды жұмыс жасауға үлкен мотивация алдық, сондай-ақ ең маңыздысы - тренингтерде алған біліміміз пайдасын тигізіп жатыр. Сондай-ақ, жобада әлемнің шын мәнінде қайырымды адамдарсыз емес екенін көріп, бастамашыл дарынды кәсіпкерлермен таныстық, - дейді Әсел.
Оның айтуынша, орталықтың әрбір тобында халықтың әлеуметтік осал топтарынан бірнеше бала тегін және жеңілдік жүйесі бойынша қабылданады. Осылайша, қаражаты жоқ балалар мен жасөспірімдерге сүйікті ісімен айналысуға және өз таланттарын дамытуға мүмкіндік алып отыр. 



Айта кетсек, орталыққа бала кезінен бимен айналысуды армандаған 12 жасар Асмир Төлебаев барып жүр. Ол әкесі жоқ үлкен отбасында өсуде және ақылы секцияларға баруға мүмкіндігі үнемі бола бермейді. Орталыққа кастингке келіп, таланты бар екенін дәлелдеді.

Орталыққа келіп өз өнерімді ортаға салдым. Осылайша топқа қабылданып, жақсы достар таптым. Түрлі жарыстарға қатысып, алғыс хаттар, грамоталар алдым. Бірақ менің басты мақсатым - чемпион атану. Мен 2022 жылы Олимпиада командасына кіруді, ал болашақта брейк дэнстен жаттықтырушы болуды армандаймын, - деп Асмир өзінің жоспарлармен бөлісті. 

Асмирдің жаттықтырушысы Александр Семеникин де тәжірибелі жаттықтырушы ретінде биші жігіттің болашағынан үміт күттіретінін атап өтті.

Бізде жұмыс істейтін балалардың салауатты өмір салтын ұстанатыны, бұзақылар және қылмыскер болмайтыны қуантады. Олар өздеріне мақсат қойып, көп нәрсеге ұмтылады және сол бағытта жұмыс істейді. Ал біз өз тарапымыздан оларды қолымыздан келгенше қолдаймыз, жаңа дағдыларға үйретеміз, ынталандырамыз, іс-шараларға, байқауларға қатысуға тартамыз. Бұл біздің салауатты қоғамның дамуына, лайықты ұрпақтың дамуына қосқан үлесіміз, - деп айтты Әсел Зелетдинова.

Айта кетейік, орталық өз қамқорлығындағы балалар үшін барлық шараны сақтай отырып, жұмысын жалғастыруда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы