БҒМ жоғары оқу орындарының рейтингін жариялады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздегі жоғары оқу орындарының 2020 жылғы рейтинг қорытындылары жарияланды.
Зерттеу жұмыстарын ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша жұмыс берушілердің қатысуымен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізді, – деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі.
Рейтингке ІІМ, ҰҚК және Қорғаныс министрлігіне бағынышты жоо-лардан басқа еліміздің барлық жоғары оқу орны қатысты.
Рейтингті жасау барысында түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіштері, жоо-ның білім беру бағдарламаларының сапасы және білім алушылардың жетістіктері ескерілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша 2020 жылы түлектерді жұмысқа орналастырудың орташа крсеткіші өткен жылдар деңгейінде қалып отыр және 71%-ды құрайды.
Мамандандырылған агенттіктерде білім беру бағдарламаларының 73%-ы аккредиттелген, оқытушылардың 72%-ы практикалық тәжірибеге ие. Сондай-ақ 36 жоо студенттері стартап-жобаларын іске асырды.
Жалпы, жұмыс берушілердің білім беру бағдарламаларының сапасы мен өзектілігіне қанағаттану деңгейі 2018 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда үштен бірге артты. Жоғары оқу орындарына берілген академиялық еркіндік жұмыс берушілердің қатысуымен білім беру бағдарламаларын дербес әзірлеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде білім беру бағдарламаларының сапасы жақсарғаны байқалады. Шетелдік агенттіктерде мамандандырылған аккредиттеуден өткен бағдарламалар саны 8,2%-ға артты.
Жұмыс берушілердің пікірі бойынша 2020 жылдың аутсайдерлері:
1. «Сырдария» университеті
2. Шымкент университеті
3. Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті
4. «Астана» университеті
5. Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті
6. Академик А.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университеті
7. Шет тілдер және іскерлік карьера университеті
8. Қазақ-Орыс халықаралық университеті
9. Қызылорда қ. «Болашақ» университеті
10. «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты
«Сырдария» университеті, Шымкент университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті және «Астана» университеті үшінші жыл қатарынан аутсайдерлер қатарында. Рейтинг нәтижелері қосымша критерий ретінде жоғары білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу кезінде ескеріледі. Биыл алғаш рет мемлекеттік тапсырыс 36 жоғары оқу орнында орналастырылған жоқ, – деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.