БҒМ және ҒЖБМ жоғары білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісті
Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Білім және ғылым министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан аумағында шетелдік үздік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша жұмыстарды жүргізіп жатыр.
24 желтоқсанда Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ресей Федерациясының Ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальковпен телефон арқылы сөйлесті.
Министрлер жоғары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық, сондай-ақ үкіметаралық жаңа келісімге қол қою мәселелерін талқылады.
28 желтоқсанда қол жеткізілген уағдаластықтар шеңберінде Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев бастаған қазақстандық делегация Мәскеуге жіберілді. Делегация құрамында еліміздің бірқатар ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары да болды.
Жұмыс сапары барысында біз ресейлік әріптестермен бірқатар кездесулер өткіздік. РФ Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдерімен, Мәскеу физика-техникалық институтының, "МИФИ" Ұлттық ядролық зерттеу университетінің, М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің басшылығымен кездестік. Осы жоғары оқу орындарына барып, ынтымақтастық және елімізде Ресей университеттерінің филиалдарын ашу мәселелері бойынша келіссөздер жүргіздік. Сондай-ақ қолданыстағы келісімдер мен бірлескен бағдарламалар шеңберінде тығыз ынтымақтастық туралы уағдаластық. Бұдан басқа, "Болашақ" бағдарламасы шеңберінде біздің стипендиаттарды Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарына оқуға және тағылымдамадан өтуге жіберу жұмыстарын жандандыру жеке бағыт болады, — деп атап өтті Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев.