БҒМ қанша директор ротациядан өткенін мәлімдеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова қанша директор ротациядан өткенін мәлімдеді.
Алдағы оқыту жылында оқыту мен тәрбиелеу жұмысын ұйымдастыру бойынша әдістемелік нұсқау хат әзірленді. Ол осы оқу жылының соңына дейін мектептерге жеткізіледі, - деді комитет төрағасы.
Оның сөзінше, жоба 38 бөлімнен тұрады. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының сұранысына сәйкес 4 жаңа бөлім енгізілген.
Атап айтқанда, мектепке дейінгі жастағы балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тәрбие мен оқыту процесінің сапасын көтеру мақсатында мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі ұйымдарға қойылатын талаптармен күшейтілді. Ерекше балалардың жалпы білім беру проуесіне енгізуді іске асыру барысында нақты жағдайларды жасау үшін ерекше білім беру қажеттіліктерін бағалау және ерекше балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу нормаларына сәйкес жұмыс ұйымдастырылады. Сонымен қатар әлеуметтік осал отбасы балалары үшін мамандандырылған білім беру ұйымдарына қабылдауға арнайы квота енгізу жұмыстары жүргізіліп жатыр, - деп түсіндірді ол.
Сөзінше, Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жұмыстары жалғасады. Бүгінгі күні 200 білім беру ұйымының басшысы ротацияланды. Сонымен қатар қалған директорлар осы жылдың екінші жартысында ротациядан өтеді.
Жұмысқа қабылдау конкурстық жүйеде жүргізіледі. Жұмысқа қабылданатын ЖОО-ны аяқтаған түлектер міндетті түрде біліктілік тестілеуінен өтеді. Ал біліктілік санаты бар мұғалімдер жұмысқа орналасу үшін өздерінің біліктілік санаты туралы куәліктерін ұсынады, - деп атап өтті Гүлмира Кәрімова.