БҒМ: Ғылыми конкурстар бұрын 3 жылда бір рет өткізілсе, енді жыл сайын өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қатысуымен Ғылым қызметкерлері күніне арналған салтанатты шарада айтты.
Бүгінгі күні Қазақстандағы ғылым саласындағы өзгерістерге тоқталды.
Бізде әлі де проблемалық мәселелер бар. Олардың бәрін шешіп, өркендеу жолындамыз деп айту өте қиын. Бұл жүйе дамып жатыр. Даму үстінде болғандықтан проблемалар да болады. Жеткен жетістіктер де бар, - деп айтты министр.
Аймағамбетовтің сөзінше, ғылымға бөлінетін қаржы көбейді.
Білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін ғылым саласына бөлінетін қаржының үлесі 1%-ға дейін жетеді деп жоспарлап отырмыз. Жалпы ішкі өнімнің 1%-на дейін ұлғайту жоспарланған. Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы 2 жылда екі есеге өсіп, 2020 жылы 50,1 млрд теңгені құрады. Ал 2021 жылы 71,6 млрд теңге жоспарланып отыр, - деп атап өтті ол.
Министр ғалымдар жиі көтеретін мәселеге тоқталды.
Бұған дейін ғалымдар ғылымға бөлінетін қаржыландыру консурстарындағы мәселені жиі көтеретін. Ол конкурстар 3 жылда бір рет өтетін болса, енді ғылыми конкурстар жыл сайын өткізіледі. Соның дәлелі ретінде 2020 жылы кезектен тыс 5 конкурс өткіздік, - дейді министр онлайн шарада.
Сонымен қатар ғылым саласының 10 басым бағыты бар. Сол бойынша тиісті жұмыстар жасалып жатыр.
Жас ғалымдарды қолдаудың арнайы тетігін енгіздік. Бұл жас ғалымдарға бөлінетін арнайы гранттар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жас ғалымдарға жылына 1000 грант бөлу туралы шешім қабылданды. Бұл жоба да іске асырылады. Өйткені жас ғалымдарды ғылым саласына тарту маңызды, - деді Асхат Аймағамбетов өз сөзінде.
Еске сала кетейік, бүгін елімізде Ғылым саласы қызметкерлерінің атаулы мерекесі.