БҒМ Алматы әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер береді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жуырда Мемлекет басшысы Алматы қаласының маңызды нысанының бірі – Оқушылар сарайында болды. Президент балалармен әңгімелесіп, онда жасалған жағдаймен және сарайдағы жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен танысты, деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Алматыда қосымша білім беруді дамыту жұмыстары жақсы жолға қойылғанын атап өткім келеді.
Атап айтқанда:
1. Қолданыстағы Оқушылар сарайын толықтай жаңғыртып қана қоймай, сонымен бірге заманауи екі инновациялық шығармашылық орталығы пайдалануға беріледі.
2.Келесі жылы ескі ғимараттарды бұзып, 3 оқушылар үйінің құрылысын салу жоспарланып отыр. Қазіргі күні жобалау жұмыстары басталып кетті.
3. Мектептердің спорт алаңдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
4. Жас туристер мен натуралистер (табиғаттанушы) станциялары жаңартылады.
5. Мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыстар орналастырылуда.
Жалпы, қазіргі таңда Алматы қаласы әкімдігінде басқа өңірлермен салыстырғанда білім саласын дамытуда барынша біртұтас және дәйекті саясат жүргізіліп жатқанын мойындау керек. Сол себепті қала басшылығының саланы дамыту ұстанымын, мегаполистің қолда бар қаржылық мүмкіндіктері мен кадрлық әлеуетін ескере отырып, министрлік Алматы қаласының әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер беру туралы шешім қабылдады, - деп жазды министр.
Минстр министрліктің нормативтік актілерде арнайы шарттар мен құзыреттер қарастырылатынын айтты.
Сонымен қатар қаланың білім беру ұйымдары біздің негізгі инновациялық алаңдарымызға айналады. Өз тарапынан әкімдік басшылығы барлық жаңа бастаманы қаржылай және ұйымдастырушылық жағынан қолдауға міндеттеме алады. Ал министрлік барлық жарияланған міндеттеменің орындалуын бақылауда ұстайды, - деп жазды Асхат Аймағамбетов.