БҒМ 25 ЖОО-ның лицензиясын қайтарып алды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мемлекет басшысының жоғары білім беру сапасын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы аясында ҚР БҒМ тиісті шараларды қабылдап жатыр.
ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 25 жоғары оқу орнының кадрларды дайындау бағыттары бойынша лицензияларға 60 қосымшасын қайтарып алды. Олардың басым бөлігі комитеттің тексерісінен кейін қайтарылды.
Негізінен бұл ЖОО-лар «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер», «Гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары», «Техника ғылымдары», «Қызмет көрсету» және «Әлеуметтік жұмыс», «Әлеуметтік ғылымдар» бағыттары бойынша кадрлар даярлауды жүзеге асырды.
Жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша ЖОО-лар нормативтік құқықтық актілерді сақтамағаны анықталды. Олқылықтарға негізінен талапкерлерді қабылдау, профессор-оқытушылар құрамның (ПОҚ) біліктілігін арттыру, профессор-оқытушылар құрамын конкурс арқылы алмастыру, профессор-оқытушылар құрамының оқу жүктемесін жоспарлау, білім алушыларды қорытынды аттестаттау, диплом бланкілерін есепке алу және т.б. бойынша жол берілген.
Президенттің тапсырмасы бойынша жұмысты екі бағытта жүргізіп жатырмыз. Біріншіден, әлсіз университеттерді толықтай жабу, екіншіден, бұл жағдайда университеттерді сапасы төмен, жабдықтары жетіспейтін және т.б. мамандықтары бойынша лицензиясынан айыру. Мысалы, базасы жоқ және маманды дайындау бойынша талапқа сай сапаны қамтамасыз ете алмайтын педагогикалық жоғары оқу орны инженерлерді оқытып шығарған кезде немесе техникалық университет музыканттарды дайындаған жағдайда. Иә, бұл жоғары оқу орындары үшін өте ауыр процесс, жоғары оқу орындары қомақты кірістер мен студенттерді жоғалтады, бірақ біз үшін сапаны қамтамасыз ету маңызды, – деп түсіндірді Білім және ғылым вице-министр Мирас Дәуленов.
Биыл білім беру қызметіне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Сондай-ақ, Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты мен Қызметтің үлгілік қағидалары жаңартылғанын естеріңізге саламыз.