Бейжіңде "Жаңа дәуірдегі ШЫҰ тарихы" атты кітаптың тұсаукесері өтті

Бейжіңде Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі гуманитарлық, білім беру және мәдени жобаларына арналған “Жаңа дәуірдегі ШЫҰ тарихы” кітабының таныстырылымы өтті,  деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бейжіңнен.

Жинаққа “Шанхай рухының” құндылықтарын – сенім, өзара түсіністік пен ортақ дамуды бейнелейтін 18 оқиға топтастырылған. Кітап алдағы ШЫҰ саммиті қарсаңында әзірленіп, мүше мемлекеттердің әріптестікті нығайтуға қосқан үлесін көрсетеді.

Жастар – болашақтың тірегі

Негізгі тақырыптардың бірі – жастармен жұмысқа бағытталған бастамалар. Басылымда 2016 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан ШЫҰ Жастар лагері туралы баяндалады. Алғашқы лагерь Ішкі Моңғолияда өтіп, Қытай, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Үндістан, Пәкістан, Иран, Ауғанстан және Моңғолиядан келген жүзден астам жас көшбасшыны біріктірген.

Бағдарлама аясында ортақ тренингтер, мәдени кештер мен білім беру іс-шаралары ұйымдастырылып, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен достықты нығайтуға ықпал еткен.

Денсаулық сақтау саласындағы жобалар

Кітапта ерекше орын алған бағыттардың бірі – денсаулық сақтау. Онда Қытай дәрігерлерінің “Экспресс денсаулық”бастамасы аясында Өзбекстанға барып, мыңдаған науқастың көру қабілетін қалпына келтірген тегін катаракта операцияларын жасаған тәжірибесі баяндалған.

ҚХР Сыртқы істер министрінің орынбасары Люй Биннің айтуынша, 24 жыл ішінде ШЫҰ тек қауіпсіздік мәселелерін ғана емес, сонымен қатар экономика, дипломатия, мәдениет және гуманитарлық жобаларды қамтитын кешенді құрылымға айналды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы