Бейжіңде ҚХР-мен әріптестікті дамыту жолдары талқыланды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев бастаған еліміздің делегациясы ресми іссапармен Қытай Халық Республикасына барып, бірнеше сала бойынша екіжақты әріптестікті дамытудың жолдарын талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл сапар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан мен Қытай арасында сауда-экономикалық байланысты нығайту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында өтіп жатыр.
ИИДМ басшысы бастап барған қазақстандық делегацияның құрамында бірқатар облыстың әкімі, Kazakh Invest ұлттық компаниясы мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ-ның басшылары, сондай-ақ 180-ге жуық отандық компанияның өкілі бар.
Көршілес мемлекеттің ресми өкілдері мен бизнес компаниялардың қатысуымен ұйымдастырылған іскерлік кездесуде Марат Қарабаев Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
Қазір ҚХР-мен өзара байланысты нығайту үшін өнеркәсіп өндірісіне басымдық берілген. Мысалы, біз машина жасау мен тау-кен саласында біршама жетістікке қол жеткіздік. Сондай-ақ Қытайдан Еуропаға жүктерді тасу үшін Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамытып жатырмыз. Осы мақсатта еліміздің аумағында бірнеше ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыру қажет, - деді министр.
Өнеркәсіп бағытына сәйкес қазір жалпы құны 16 млрд долларға 57 бірлескен жоба қолға алынған. Ал іске асырылған жобаның саны – 16 (құны 4,4 млрд доллар). Оның ішінде шыны өндірісіне, Shandong Lovol тракторларын құрастыру мен Youtong Bus автобустарын шығаруға байланысты бірлескен жобалар қамтылған. Одан басқа қазір құны шамамен жарты млрд долларға 9 жоба жүзеге асырылып жатыр. Тағы қосымша құны 11 млрд долларға жететін 32 жобаны жүзеге асыру тетіктері пысықталып жатыр.
Бейжіңге жасаған сапарында ИИДМ басшысы Shanghai Delong Steel Group компаниясының өкілдерімен кездесіп, тау-кен саласында өзара тиімді қарым-қатынасты арттырудың мәселелерін талқылады. Бұл компания ҚХР-да ірі металлургиялық компаниялардың қатарына кіретінін айта кетейік. Shanghai Delong Steel Group басшылары елімізде бірлескен жобаларды іске асыруға ынталы екендерін жеткізді.
Сонымен бірге Марат Қарабаев күн батареясының өндірісімен айналысатын Dahua компаниясының өкілдерімен кездесті. Екіжақты әңгіменің барысында елімізде балама энергия көздерін дамыту жолдары қаралды. Бұдан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрімен China Railway Highspeed компаниясының басшылары кездесуге мүмкіндік алып, оның барысында теміржол көлігі өнеркәсібіне байланысты ынтымақтастықты нығайту мәселелері қарастырылды. Бұдан басқа ведомство басшысы электрмобильдерді шығарумен танымал Zeekr компаниясының басшыларымен де кездесіп, Қазақстанда автокөлік өндірісіне байланысты бірлескен жобаны қолға алудың мүмкіндіктері пысықталды.
Тұтастай алғанда, министрдің үшкүндік сапары кезінде 30-ға жуық қытайлық компанияның өкілдерімен іскерлік кездесулер өткізіліп, сондай-ақ екі елдің кәсіпкерлері B2B форматына сәйкес өзара тиімді қатынасты кеңейтудің тетіктерін талқылайды деп жоспарланған.