Бейжіңде қазақстандық және қытайлық жас домбырашылар қазақ күйлерін орындады
Ұлттық домбыра күніне арналған концертте екі елдің өнерпаздары қазақтың дәстүрлі күйлерін бірге орындады.
Бейжіңде Лянмахэ өзенінің жағалауында Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстан мәдениет орталығы ұйымдастырған «Dombyra Party» мәдени акциясы өтті.
Ашық аспан астында Құрманғазының, Абайдың, Әбдімомын Желдібаевтың шығармалары, сондай-ақ халық күйлері орындалды. Іс-шараға қазақстандық және қытайлық жас домбырашылар, студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Акцияның есте қаларлық сәттерінің бірі домбыра пәнінің оқытушысы Лю Хуэйдің жетекшілігімен өнер көрсеткен қытайлық балалардың орындауы болды. Жас музыканттар қазақ күйлерін орындап, домбыраға және Қазақстанның музыкалық мұрасына деген қызығушылық ел аумағынан тыс жерлерде де артып келе жатқанын көрсетті.
«Dombyra Party» акциясы Қытайда қазақ мәдениетін кеңінен насихаттауға және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығы бұл іс-шараны жыл сайын өтетін дәстүрлі мәдени акцияға айналдыруды жоспарлап отыр.