Бейжіңде Қазақстан мен Қытай арасында СІМ аралық консультация, ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің отырысы өтті

Қазақстан мен Қытай арасында сімаралық консультациялар, сондай-ақ Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің 13-ші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қазақстан делегациясын ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев, ал Қытай делегациясын ҚХР Сыртқы істер министрінің көмекшісі Лю Бинь бастады.

Саяси консультациялар барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен одан әрі дамуының перспективаларын талқылап, биік және жоғары деңгейлерде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын қарастырды.

Сауда-экономикалық, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірлескен күш жігердің маңыздылығына, сондай-ақ Қазақстанның Қытайға шикізаттық емес экспортын ұлғайтуға ерекше назар аударылды.

Тараптар алдағы іс-шаралар, оның ішінде осы жылы жоспарланған өзара сапарларды талқылады.

Қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық жөніндегі кіші комитеттің отырысында тараптар өңірлік және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша пікір алмасты. Отырысқа қатысушылар 2023 жылғы қарашада өткен алдыңғы отырыстан бері атқарылған жұмыстың нәтижелерімен танысты.

Іс-шаралардың қорытындысы бойынша тараптар Кіші комитеттің 13-ші отырысының Хаттамасына қол қойып, ынтымақтастықты одан әрі тереңдету бойынша бірлескен ұсыныстар әзірледі және Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті нығайтуға бейілділігін растады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы