Бейжіңде еліміздің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Қазақстанның Қытайдағы елшісі Шахрат Нұрышев Қытай шет елдердегі кәсіпорындарды дамыту жөніндегі ассоциациясы ұйымдастырған 14-ші қытайлық шетелдік инвестициялар және ынтымақтастық жәрмеңкесінің ашылу салтанатына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Сыртқы саяси ведомствоға сілтеме жасап.

2024 жылы жәрмеңкенің негізгі лейтмотиві "Жаһандық даму үшін жаңа мүмкіндіктер, шетелдік инвестициялар үшін жаңа көкжиектер" тақырыбы болды.

Ш. Нұрышев ашылу салтанатында іс-шараға қатысушыларды Қазақстан мен Қытайдың сауда-экономикалық, көлік және инвестициялық ынтымақтастығының негізгі бағыттары туралы, сондай-ақ шетелдік инвесторларды қолдау және ұлттық экономиканы ырықтандыру бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті.

Қазақстан елшісі өз сөзінде құрылымдық экономикалық реформаларды жеделдету шеңберінде Қазақстан инвестициялар тарту, ауыл шаруашылығы және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласында жаңа жоғары технологиялық өндірістер құру, тау-кен-металлургия және IT секторын дамыту жолымен тиімді практикалық жұмыс жүргізуді жақтайтынын таныстырды. Атап айтқанда, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты" атты Қазақстан халқына жолдауында алға қойған бастамаларына ерекше назар аударды.

Іс-шараға "CODA" президенті Хэ Чжэньвэй, Қытай-ШЫҰ демонстрациялық аймағының Әкімшілік комитеті партком хатшысының орынбасары Ли Ган, Сербияның бұрынғы президенті Борис Тадич, ЕЭК Интеграция және макроэкономика министрі Сергей Глазьев, "Атамекен" ҰКП Төралқаның төрағасы Райымбек Баталов, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың, ғылыми-зерттеу және қытайлық іскер топтары, дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың басшылары. Іс-шараға барлығы 2 000-нан астам қонақ қатысты.

Іс-шараның қорытындысы бойынша "CODA" мен "B2B Caravan" қазақстандық электрондық коммерция платформасы, "CODA" мен АХҚО төрелік соты арасындағы ынтымақтастық туралы құжаттарға қол қойылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы