Бейжіңде дрон ұстауға тыйым салынды
Иелеріне құрылғыларын қаладан әкету міндеттелді.
15 қарашадан бастап Бейжіңде дрондарды ұшыруға ғана емес, оларды сақтауға да тыйым салынды. Құрылғы иелері дрондарын алдын ала қаладан әкетуге, сатуға немесе кәдеге жаратуға тапсыруға тиіс болды. Талапты бұзғандарға айыппұл салынып, дрондары тәркіленуі мүмкін. Бұл туралы Beijing Daily хабарлады.
Тыйым Қытай астанасының бүкіл аумағында, соның ішінде қала маңындағы елді мекендерде де қолданылады. Шектеу дрондарды иеленуге, сақтауға, сатуға және елге әкелуге, сондай-ақ олардың негізгі бөлшектеріне қатысты.
Жеке тұлғаларға 5 мың юаньға дейін (шамамен 335 мың теңге), ал ұйымдарға 50 мың юаньға дейін (шамамен 3,35 миллион теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Жекелеген қызметтік және арнайы тапсырмалар үшін ерекшеліктер қарастырылған.
Қыркүйек айынан бастап дрон иелеріне құрылғыларын арнайы қабылдау орындары арқылы сату, кәдеге жаратуға тапсыру немесе EMS пошта қызметімен Бейжіңнен тегін жөнелту мүмкіндігі берілген.
Қазан айының соңына дейін тіркелген дронды сатқан азаматтарға оның құнының 30 пайызы көлемінде, бірақ 3 мың юаньнан (шамамен 201 мың теңге) аспайтын өтемақы төленді. Қарашада өтемақы мөлшері екі есе қысқарып, 15 пайызға дейін, ал ең жоғары төлем 1,5 мың юаньға (шамамен 100,5 мың теңге) дейін төмендеді.
Дронды кәдеге жаратуға тапсырғандарға бастапқыда 200 юань (шамамен 13,4 мың теңге) төленсе, 1 қарашадан бастап бұл сома 100 юаньға (шамамен 6,7 мың теңге) дейін азайды. The Paper басылымының мәліметінше, құрылғыларды тегін жөнелту қызметін 14 қарашаға дейін пайдалануға болатын.
Қала билігі мұндай шектеулерді Бейжіңнің әуе кеңістігіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндірді. 2026 жылғы мамырда елордада дрон сатуға тыйым салынған еді. Енді оларды сақтауға қатысты талаптар да күшейтілді.