Бейжің-2022. Мәулен Әшімбаев қазақстандық спортшыларға сәттілік тіледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарында өнер көрсететін еліміздің спортшыларына сәттілік тіледі.
Бүгін Қытай астанасы Бейжіңде XXIV қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Бұл – барша спортсүйер қауым үшін маңызды оқиға. Осы дүбірлі додада біздің спортшыларымыз да бақ сынайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысып, атлеттерімізге қолдау білдірді, - деп жазды палата спикері Instagram-дағы парақшасында.
Мәулен Әшімбаев атағандай, Тәуелсіздік алғалы қазақстандық спортшылар ақ Олимпиадаға тұрақты түрде қатысып келеді.
Осы жылдар ішінде Владимир Смирнов, Людмила Прокашева, Елена Хрусталева, Денис Тен және Юлия Галышева сияқты саңлақтарымыз жеңіс тұғырынан көрініп, барша қазақстандықтарға зор қуаныш сыйлады. Биылғы қысқы Ойындардан кейін бұл тізім толыға түседі деп сенеміз. Төрткүл дүние көз тіккен осындай аламандағы жеңістер ұлтты ұйыстырып, азаматтарымыздың патриоттық рухын арттыратыны анық. Біз бұл жолы да дәл сондай тамаша көңіл-күйді бастан өткереміз деп үміттенеміз. Осы жолда Бейжіңге аттанған әрбір атлетімізге жеңіс пен сәттілік тілейміз және әрдайым қолдау білдіреміз, - деп жазды Сенат спикері.