Бейжің мен Вашингтон сауда келісімінің бірінші бөлімін талқылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚХР сауда министрлігінің хабарлауынша, Қытайдың вице-премьері Лю Хэ мен АҚШ-тың қаржы министрі Стивен Мнучин осы жайында телефон арқылы пікір алмасқан.

Қос тарап негізгі мәселелерді шешу жолын талқылап, бірінші кезеңнің басқа да күрмеуі қиын түйткілдеріне қатысты ортақ мәмілеге келді, деп жазады inbusiness.kz.

Айта кетейік, екі экономикалық алпауыт арасындағы сауда текетіресінің басталғанына бір жылдан асты. Екеуі де бір-бірінің тауарларына құны миллиардтаған доллар көлемінде баж салығын салып, әлемдік экономикаға кесірін тигізіп отыр. Тараптар сауда дауын кезең-кезеңге бөліп шешуге тырысып жатыр. Қазір келіссөздердің бірінші кезеңі өтуде.

Дегенмен келіссөздердің ойдағыдай жүзеге асуына бірнеше фактор кедергі. Біріншіден, Қытай АҚШ-тан олар салған салықтың күшін жоюды талап еткен. Бірақ Ақ үй Бейжіңнің бұл ұсынысын орындауға асығар емес. Ал өз кезегінде Құрама Штаттар келісімде қытайлықтарға сатылатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлемі жазылу керек дегенді алға тартты. Ресми Бейжіңге болса, мұндай міндеттемелер жақпай қалды.

Сонымен қатар Вашингтонның Гонконгтағы ахуалға араласуы да айтарлықтай қиындық туғызып отыр. Егер АҚШ Сенатының арнайы әкімшілік аймаққа қатысты қабылдаған заңына Дональд Трамп қол қойса, келіссөздердің жақын арада жүзеге асырылуы мүмкін болмай қалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы