Бейсенмен бақұлдасу
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған Бейсен Құранбектің қазасына ортақтасып жатқандар баршылық.
Бүгін қазақ журналистикасы қара жамылып, ҚР Президенті сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, танымал журналист, "Жетісу" телеарнасының директоры Бейсен Құранбек дүниеден озды. Саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған жақсы адамның қазасына ортақтасып жатқандар баршылық. Солардың қатарында белгілі ғалым, публицист, тарих ғылымдарының докторы, "Егемен Қазақстан" газетінің басшысы Дархан Қыдырәлі, ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет те бар.Жігіттің сұлтаны, халықтың сүйіктісі еді! Қазақ журналистикасындағы ту ұстаушылардың бірінен айрылып отырмыз, - деп Ұлықбек Есдәулет тележүргізушінің отбасына, туған-туыстарына, ұлттық телевизиядағы әріптестеріне көңіл айтты.Журналиске жоқтау айтып, өлең арнағандар қатары да көп. Солардың бірі ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері Ұларбек Дәлейұлы Facebook-тегі парақшасында "Қазанама" атты өлеңін қалдырған.
Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Жазсам жайрап жаралы далаң қалар!
Аруанадай аңырап анаң қалар,
Қарс айырылып менің ұлттық санам қалар!
Жоқ!..
Жазбаймын, Сіз жайлы жаман хабар,
Сенбеймін!
"Сізді өлді" дегендерге,
Қауесетке, жоқтауға, өлеңдерге.
Қайғысындай қазақтың –
Қайран тұлғаң,
Қалай ғана сияды денең көрге?
Достым:
"Ол енді жоқ" деп айта көрме,
Терең бір ағыстар да қайтады өрге.
Бар-дағы басын сүйе Алашыңның,
Бар-дағы "Жылама!" де байтақ елге.
Жоқ!..
Жазбаймын, Ол жайлы хабар жаман,
Күннің жүзін қарашы талаураған!
Қасиеті ол – Қазақтың тоналмаған,
Зұлпыхарың еді ол – жоғалмаған!
Арасынан кіл дана, даралардың,
Мен оны Мәңгілікке санағанмын.
ЖЕРден ұзақ бір жерге бара тұрам,
Қазасы ескіргенше Нар ағамның!..
Тағы бір ақын, мемлекетік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Қалқаман Сарин марқұм Бейсен Құранбектің рухына "Жақсы адам" атты өлеңін арнаған.
Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жалғанның неге осылай тынбақ соңы?
Бәріне жанашыр боп жүрмекші еді,
Әлі де Алашым! - деп тұрмақшы еді.
Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жанымның басылар ма құрғақ шөлі?
Бұйыртып ғазиз-ғұмыр, ғашық-тағдыр
Бұл өмір тұр ма тағы бұлдап соны?..
Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
"Бармысың, батырым" деп, тіл қатса, өңі
жып-жылы шуақ шашқан күндей болып,
тұратын жан нұрымен жырғап сені.
Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Тірліктің тағы алмасып тұр бақ-соры.
Көңілдің қайғысына дауа болып,
Көзімнің жасын біреу құрғатса еді.
Жақсы еді,
Жақсы еді ғой, шын жақсы еді,
Жалғанның шешілмеді-ау жұмбақ-шері.
Жақсы адам! - деген жалғыз сөзде оның,
Бар атақ, абыройы, құрмет, шені!
Марқұмға жоқтау жазғандардың бірі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, мемлекеттік "Дарын" жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Жүніс.
Қасқа тұлпарға мінгізген, ағам-ай,
Қасты ордаға кіргізген, ағам-ай,
Хан ұлындай жүргізген, ағам-ай,
Қай ісіме де мақұл болғаным-ай,
Адасқан жерде ақыл болғаным-ай,
Бауырыңда жүріп батыр болғаным-ай,
Қас жауырыныма қалқан болғаным-ай,
Алатаудай арқам болғаным-ай,
Бір өзі бүкіл ортам болғаным-ай,
Қараңғы кірсе, жарық болғаным-ай,
Қара да басы халық болғаным-ай,
Қайыра көруге зарық болғаным-ай!
Бейсен бауырға...
Білдің бе екен, қысқа өмір сүреріңді,Жұртқа берген жан едің жүрегіңді.
Алты алаштың баласын аңыратқан,
"Айтуға оңай" болмай тұр бұл өлімді.
Жақсы адамды тірлікте елепті кім?
Жел соққанда басады теректі мұң.
Ажалыңмен ұқтырдың ақырғы рет,
Өлімге де "Қарекет" керектігін! Әлібек Шегебай.
Бейсеннің қазасына!
Жетім ойды,Жесір күйді жетектеп,
Жетісуды, Алатауды етектеп.
Шаршап, шарлап сағым қуып санамен,
Түсіп қалды тым ертерек бекеттен.
Кеш пе, бәлкім, түс пе, түн бе, беймәлім,
Алып қашты асау самал айға әнін.
"Айтуға оңай", "айтуға оңай", қайтейін,
Пәстеніп тұр жанған жасыл байрағым.
Жапырақтай жазда семген жас кетті,
Тамшы құлап,
Тарғыл тағдыр тасты өпті.
Пәни, бақи арасында аз жүріп,
Жанды, сөнді – жас ғұмыры шоқ текті.
Қадіріне жете алдық па, жеттік пе,
Қабырғасын сүйеп, демеп өттік пе...?
Аққан жұлдыз –
Жолақ-жолақ ізін сап,
Аспан жаққа қойып кетті көп нүкте. Жәди Шәкенұлы
Қайғырып қазанама жазған ақынның бірі Бекжан Әшірбаев.
Шыр бітсе тірлігіңе,
Сəт туар көңілденер.
Адамдар бір-біріне
Болса ғой өмір берер.
Жүректі мұң тырналап,
Көбейтті күмəн құртын.
Өмірдің сыртында қап,
Сығалап тұрам бір күн.
Əр күнге сəлем етіп,
Қашпайтын қадір ізде.
Ажалмен уəделесіп
Қойғанбыз бəріміз де... Бекжан Әшірбаев
Әсерлі жазба қалдырған әріптестері қатарында танымал тележүргізуші, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дана Нұржігіт те бар.
Қимас досым, жанашыр әріптесім, журналистика, оның ішінде телевизия журналистикасында ҚҰБЫЛЫС болған саңлақ- Бейсен Құранбектен айрылып қалдық, ағайын! Бейсенді қараған емшілердің бірі, «бүкіл қазақтың өксігін жинап алыпсың,қарағым-ау!», деген екен... Нардың жүгін арқалап жүріп, айықпас ауруға шалдыққаныңды өзің де сезбей қалдың, Бейсеке... Қазаққа ұл болған Бейсеннің жақындарына, соңғы деміне дейін қасында болып, кеше кешке өзім сөйлескен жары Гүлмираға, әкесінің қос шынары - қыздарына, 90-нан асқан аяулы анамыз бен бауырларына қабырғамыз қайыса, қайғырып көңіл айтамыз! Бақұл бол, досым!, - деген жазбасында.
Бейсен Құранбектің қазасын ауыр қабылдап, жақындарына көңіл айтып жатқан әріптестері, достары қатарында Ерлан Қарин, Ринат Кертаев, Динара Сәтжан, Асхат Садырбай, Қымбат Досжан, Нартай Аралбайұлы, Мейіржан Әлібекұлы, Гүлмира Дайрабаева, Майя Бекбаева және т.б. бар.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистің отбасына көңіл айтып, жеделхат жолдаған болатын. Сонымен қатар, ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли де әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырып, қазақ журналистикасы ғана емес, жалпы ұлт руханияты үлкен қайғыны бастан өткеріп отырған жазған. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева "Бейсен елдің мұңын өз мұңындай көріп, көпке қамқор болған азамат еді", деп еске алса, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов журналистің "Жетісу" телеарнасына білікті басшылық жасап, телеарнаның беделін көтеруге, мазмұндық сапасын жақсартуға зор үлес қосқанын атап өтті.
Сондай-ақ, бүгін баспасөз беттерінде Бейсен Құранбектің әлеуметтік желідегі соңғы жазбасы да жарияланды.
Марқұм жайлы естеліктерімен әлі де бөлісіп жатқандар бар.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қазақстанда 96 адам коронавирус індетінен емделіп шықты
Өзгелердің жаңалығы