Бейсен Құранбек жайлы естеліктер жарыққа шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жақында өмірден өткен журналист Бейсен Құранбек туралы естеліктер жинағы жарыққа шықты. Бұл туралы Бейсеннің рухани інісі, журналист Есболат Айдабосын жазды.

"Біздің Бейсен" баспаханадан шығып, Талдыға келе жатыр. Кітап "Ел-шежіре" баспасынан 1000 данамен шықты. Баспаның басшысы Дәулет Әшімхан жартысын тегін шығарып, үлкен азаматтық танытты. Жинаққа екі президенттің көңіл айтуынан бастап ел ағаларының естелігі, замандастарының толғаныстары,қарапайым көрермендердің ықыласы топтастырылды - деді Есболат Айдабосын.

Ол Бейсен дүниеден озғалы бері жазылған әрбір жазбаны алуға тырысқандарын айтты.

Барлығы 170-тей естелік пен 90 ға тарта арнау өлеңі бізге жеткен екен. Алаламай, көркемдік қуатын сараламай түгел енгіздік. Серк Әбікенұлы, Досан Қызайбек үшеуміз отырып "кітап құрастырамыз" деп шешім қабылдап, іске кіріскенде көп адам тілеулес болды, бір жағымыздан шығысып жәрдемдесті. Солардың бәріне Бейсен Құранбектің отбасы атынан, бауырлары атынан, дос-жаран, әріптестері атынан алғыс айтамыз! Әсіресе талдықорғандық Ришад Тұрғанбай бауырыма, сонау Семейдегі Арай Жүндібаева, Алматыдағы Ақжелең Рахаддин, астаналық Жансая Шыңғысхан қарындастарыма рахмет! - деді журналист.

Естелік кітапты редакторлық, корректорлық сүзгіден өткізуге атсалысқан Зәуреш Карбозқызы мен Жұлдыз Әбділдә. 

Кітапты безендірген Жәмила Айдосқызына да мың алғыс! Аман болыңыздар! Құдай жолдарыңызды оңғарсын! Айтпақшы кітап мұқабасының дизайнын Бейсекеңнің қызы Іңкәр жасады - деді Есболат Айдабосын.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бейсен Құранбек туралы естеліктер жинағы жарыққа шығатыны жайлы хабарлаған болатынбыз.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы