Бейсембаев педагогтерді кәсіби жоғары жетістіктері үшін жан-жақты қолдауды тапсырды

Оқу-ағарту министріне Жамбыл, Алматы облыстарында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы және білім сапасын арттыруға бағытталған бірқатар жаңа жобалардың жүзеге асырылуы туралы баяндалды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша Алматы облысында республикалық және халықаралық олимпиадалар жүлдегерлерінің саны үш есе, ал білім сапасы 1,6%-ға артқан. Қосымша білім беру ұйымдарының желісі кеңейіп келеді.

Осы жылдың соңына дейін Есік қаласында, Кеген, Райымбек аудандарында балалардың шығармашылығын дамыту орталықтарын ашу жоспарланған. Жаңа білім беру ұйымдарының ашылуы Жамбыл облысында 3 апаттық, 4 үшауысымды мектеп мәселесін шешеді.

«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасына балама жоба жасалып, мектептерге басшыларды іріктеу мен даярлау жүргізілуде.

Министр педагогтерге кәсіби жетістіктері үшін қолдау білдіруді, олардың жұмысқа орналасуы, ары қарай жұмыс жасауы үшін қолайлы жағдай қалыптастыруды тапсырды.

Менің атыма мұғалімдердің құқықтарының бұзылуы туралы арыздар келіп түсуде. Педагог үшін қолайлы ортада жұмыс жасау маңызды, ал ол үшін өңірлер жергілікті жерлерде заңдардың дұрыс жүзеге асуын қамтамасыз етуі керек. Әсіресе, еңбегі мен шығармашылығы тұтас бір өңірдің білім сапасын, балаларымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп отырған педагогтерді қолдауымыз керек, - деді Ғани Бейсембаев.

Кездесу соңында министрге инфрақұрылымды дамыту, кадрлық әлеуетті арттыру, 2024-2025 оқу жылында білім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша өңірлердің жұмыс жоспарлары таныстырылды.

Ғани Бейсембаев өткен жылы жіберілген кемшіліктерді қайталамауды тапсырды, білім сапасын арттыру бойынша басымдық берілуі тиіс бағыттарды атап көрсетті, сондай-ақ тамақтануды ұйымдастыру сапасын қамтамасыз ету және ата-аналар комитетімен ынтымақтастықты арттыру жөнінде тапсырмалар берді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Оқу-ағарту министрлігі
Өзгелердің жаңалығы