Бейрутте жүгі жарылған ресейлік кәсіпкерден жауап алынды

Алматы, BAQ.KZ. Кипр полициясы жарылыс болған кеме жүгінің иесін тауып, одан жауап алды. Бұл туралы құқық қорғау органдарына сілтеме жасай отырып Reuters агенттігі хабарлады.

Бейруттегі Интерполдан кәсіпкердің тұрғылықты жерін анықтап, жарылған жүкке қатысты бірнеше сұрақ қою туралы сұрау келіп түсті, - дейді полиция өкілі Христос Андреу.

Сондай-ақ, ол полиция өкілдері бейсенбі күні кәсіпкердің Кипрдегі үйіне барып жауап алғанын мәлімдеді.

43 жастағы ресейлік кәсіпкер Игорь Гречушкиннен жарылысқа қатысты алынған жауап Ливан билігіне тапсырылды, - дейді ол.
Айта кетейік, сейсенбі күні кешке Бейрут портында жойқын жарылыс болды. Биліктің хабарлауынша, жарылысқа 2750 тонна аммиак селитрасының дұрыс сақталмауы себеп болған. Төтенше жағдай салдарынан қала ғимараттарының жартысы зақымданып, зардап шеккендердің көптігінен ауруханалар толып кетті. Соңғы мәліметтер бойынша, жүзден астам адам қайтыс болып, төрт мыңға жуық адам жарақат алған. Бірқатар адам әлі де жоғалып кеткендер санатында.

Ливан Үкіметі трагедия құрбандарына байланысты үш күндік аза тұту жариялады.

Жарылыс салдарынан Ливандағы ҚР дипломатиялық миссиясының ғимаратына зиян келді. Жарылыс кезінде дипломатиялық миссияның қызметкерлері жұмыс күні аяқталғаннан кейін жұмыс орнынан кетіп қалған. Консул жұмыста қалған болатын және жарылыс толқыны салдарынан жеңіл жарақат алған болатын, алайда ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров консулдың жағдайы жақсы екенін мәлімдеді.

Бұған дейін жарылысқа қатысты 16 адамның ұсталғаны хабарланды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы