Кеше 2026, 23:51 Фото: Қорғаныс министрлігі

"Бейнеролик – жалған": Қорғаныс министрлігі ресми мәлімдеме жасады

Видео жасанды интеллект технологияларын (deepfake) пайдалану арқылы жасалған.

Әлеуметтік желілерде Қазақстан Қорғаныс министрінің әуе кеңістігі туралы мәлімдемесі ретінде тараған бейнеролик жалған. Бұл туралы министрліктің баспасөз қыметі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Желіде Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің еліміздің әуе кеңістігі арқылы әуе кемелерінің ұшып өтуіне қатысты ресми мәлімдемесі ретінде ұсынылған бейнеролик таралуда. Аталған бейнематериал – жалған. Видео жасанды интеллект технологияларын (deepfake) пайдалану арқылы жасалған, ал дауыс бұрынғы сұхбат негізінде құрастырылған. Таратылып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және қорғаныс ведомствосының ресми ұстанымын білдірмейді, - делінген хабарламада.

Ведомство бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен әлеуметтік желі пайдаланушыларын тек ресми дереккөздерге сенуге және тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырады.