Бейнебақылаудың көмегімен 48 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте бейнебақылаудың көмегімен он бір айда 48 мыңнан астам құқық бұзушылық тіркелді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы аумағында қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін бақылайтын 1500 бейнебақылау камералары орнатылған. Бұл бейнекамералар арқылы Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойында қылмыстың алдын алуда, оны ашуда және әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бойынша жұмыс атқарады.
Ал 100 көше қиылыстарына жол ережесін бұзған автокөліктерді автоматты түрде тіркейтін 877 бейнебақылау және көше желілеріне 800 бейнебақылау жүйелері орнатылып, яғни жалпы 1 677 бейнебақылау камералары жұмыс жасауда.
Полиция қызметкерлері бейнекамералар арқылы әртүрлі құқық бұзушылықтарды анықтап, тиісті мекенжайға GPS навигация жүйесі арқылы жақын жүрген полицияның экипаждарын құқық бұзушыға әкімшілік хаттама рәсімдеу үшін жолдайды.
Айта кетейік, 2021 жылдың 11 айында Жедел басқару орталығының бейнекамералары көмегімен 300-ге жуық қылмыс ашылып, 48 823 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Ал соңғы бір аптаның ішінде бейнебақылау камераларының көмегімен 6 қылмыс жайты: екі ұрлық, үш бұзақылық және көлік ұрлығы ашылды. Бұл бейнебақылау камералары құқық бұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстарды “ізін суытпай” ашуға үлкен көмек көрсетеді.
Аталған құрылғылардың қойылуының негізгі себебі – қауіпсіздіктің барынша жоғары деңгейін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарды автоматты түрде фотобейнетіркеу жүйелеріне енгізу. “Сергек” камералары рұқсатты жылдамдықты арттыру, қызылға өту, жол белгілері мен жолақтарының талаптарын бұзу, рұқсат етілмеген жерде тоқтау мен тұру және автобус жолағымен жүру сияқты ереже бұзушылықтарды тіркеп, көлік иесіне айыппұл жазып бере алады.