Бейіт басына апарып көмеміз деді. Экс-әкім әлеуметтік желіні шулатқан видеоға қатысты түсініктеме берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Құлсары қаласының экс-әкімі Қаржау Шалғабаевтың Qumash телеграм арнасындағы видеосы қоғамдық пікірталас туғызды. 

Атырауда бір затты алып кет деген соң келіп тұрмын. Оның ішінде не бар екенін білмеймін. Үшінші рет апарып бердім. Маған дәрі деп айтты, - дейді ол видеода

Бұл видео тарағаннан кейін экс-әкім өзінің facebook-тегі парақшасында видеоүндеу жариялады. 

19 мамырда Атырау қаласының Томар елді мекеніне бір танысымның өтініші бойынша зат алып кетуге барғанмын. Сол кезде бейтаныс адамдар келіп, телефонымды қарауды талап етіп қорқытты. Телефонымды ақтарып, құжаттарымды қарады. Тағы 7-8 адам келіп, барлығы жабылды. Құжатымның ішінде 2019 жылғы Құлсары қаласының әкімі қызметінде жүрген кезімдегі визиткамды тауып алып, онымен видеоға түсуді талап етті. Мен бұл видеоға денсаулығым мен өмірім, жанұямның амандығы үшін қорыққаннан түстім. Мен қазіргі таңда Құлсары қаласының әкімі емеспін. 2019 жылы өз еркіммен жұмыстан кеткенмін. Бұл видеоны таратушы және мен ұрған адамдарды жазасыз қалдырмаймын. Заң талаптарына сәйкес, барлық жерге арызданамын, - деді Шалғабаев. 

Ол атағандай, қазір ол денсаулығына байланысты емделіп жатыр.

Осыған дейін шыққан видеоны дұрыс түсінулеріңізді сұраймын. Бұл өз еркіммен емес, мені қорқытып, ұрып-соғып, өлтіремін, бейіт басына апарып көмем деп жаздырған видео. Менің видеомды көрдіңіздер, тістерім қанаған, шашым ұйпа-тұйпа, сондай жағдай болды. Бұл адамдар маған жала жапқанын айтқым келеді. Осыны дұрыс түсінулеріңізді сұраймын, - деді Қаржау Шалғабаев.

Атырау облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады. Басқа деректер жариялауға жатпайды. 

Айта кетейік, Қаржау Шалғабаев 2011-2016 жылдар аралығында Құлсары қаласы әкімдігінің аппаратында бас маман қызметін атқарған. 2016-2017 жылдары Құлсары қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2017-2018 жылдары  Жаңа Қаратон ауылдық округінің әкімі. 2018 жылдың 29 желтоқсанынан 2019 жылдың маусымына дейін Құлсары қаласының әкімі болған. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы