Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасында журналистердің құқығы мен міндеттері қажет пе?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжілісте бейбіт жиналыстарды өткізу туралы заң жобасы талқыланды. Осы заңға байланысты Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі Асхат Садырбай пікір білдірді. 

Өзім журналист болғандықтан журналист туралы арнайы бапқа көзім түсті. Расында бұл да қызу талқыға түсіп жатыр. Заң жобасында журналистердің митингіге қатысты құқықтары мен міндеттері көрсетілген. Барлығымыз білеміз, бұқаралық ақпарат құралдары туралы заң бар әрі онда журналистердің құқығы мен міндеті жазылған. Бейбіт жиналыстар туралы заң жобасында журналистердің құқығы мен міндеттері қажет пе?! Менің ойымша, бұл бап қажет, себебі дәстүрлі БАҚ басқа көрініс алды. Атап айтқанда, ғаламтор, әлеуметтік желілер қарыштап дамып кетті. Қазір мақала жариялау үшін қалтадағы смартфонның өзі жеткілікті немесе әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирге шығу мүмкіндіктері пайда болды. Осы тұста журналистерге қатысты заңнама өзгертулер мен толықтырулар қажет деп ойлаймын, - дейді Асхат Садырбай. 

Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің бейбіт жиналыстарға қатысуы туралы да айтылды.
Кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншектердің бейбіт жиналыстарға қатысу мәселесі осыған дейін де қызу талқыға түскен. Соңғы болған митингтерде кішкентай балалардың жүруі,жеткіншектердің қатысқанын білесіздер. Олардың қатысқаны,әрине,алаңдатады. Халықаралық ұйымдар бар. Олардың арнайы заңдары мен талаптары ескеріле ме деген сұрақтар болды,- деді қоғам белсендісі. 
Айта кетейік,Мәжілісте ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев "ҚР-да бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" және "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" заң жобаларының тұжырымдамалық тәсілдерін таныстырды.



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы