Бейбіт күннің батырлары кімдер

Қазақстан Республикасының ІІМ Ұлттық ұланы – ел тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылым. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен азаматтардың бейбіт өмірін қорғау жолында күн сайын ерлік пен адалдықтың жарқын үлгісін көрсетіп жүрген Ұлттық ұлан сарбаздары – бүгіннің нағыз батырлары.

BAQ.KZ тілшісі Ұлттық ұлан сарбаздары қандай игі әрі батыл әрекеттерімен көзге түскеніне шолу жасады.

Ұлттық ұлан қоғамдық тәртіпті сақтау, маңызды мемлекеттік нысандарды қорғау, төтенше жағдайларда азаматтарға көмек көрсету, елдің қорғаныс қабілетін нығайту сияқты көптеген жауапты міндетті атқарады. Олар құқық қорғау органдарымен бірге жұмыс істеп, қылмысқа қарсы күресте белсенді рөл атқарады.

Ұлттық ұландықтардың ерлігі күнделікті өмірде де көрінеді.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Аңсар Жантас

Елордада 5573 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаз, қатардағы Аңсар Жантас Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының саммиті кезінде қала көшелерінің бірінде қызметте жүріп, халыққа қол ұшын созып, ерекше әрекетімен көзге түсті. Тайғақ жерде азаматтардың құлап қалмауы, жарақаттанбауы үшін ол әрқайсысына көмектесіп тұрған

Саммит кезінде күшейтілген режимде қызмет атқардық. Сол кезде балалар, қарт кісілердің тайғақ жерден әрең өтіп жатқандарын байқап қалдым. Әсіресе балалар, әйел кісілер мен қарт кісілерді қолдау артық болмас дедім. Екі күн қатарынан сол жерде қызметте тұрып, тұрғындарға көмектестім. Менің орнымда болған әр азамат дәл осылай жасайтын еді деп ойлаймын, - деді Аңсар Жантас.

Халықтың ерекше ілтипатына бөленген сарбазға ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков 10 күн демалыс берді. Ол қазір Павлодарда жақындарының қасында.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Ұрыны ұстаған ұландықтар

ҰҚШҰ ұйымының саммиті кезінде Астана қаласының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өңірлерден қосымша күш жұмылдырылды. Олар күн сайын қала көшелеріндегі қауіпсіздікті бақылайды.

5516 әскери бөлімі құрама батальонының сарбаздары елорданың Байқоңыр ауданында қызмет атқара жүріп, бір күнде ұрлық жасаған күдікті адамды қолға түсіріп, жоғалған екі телефонды иелеріне қайтарған. Бірінші оқиға сағат 19:35 шамасында болды. Қала көшелерінің тыныштығын сақтау үшін қызметке шыққан сержант Б. Ергешбаев пен патрульшілер қатардағы Т. Смағұлов және И. Иванов байланыс құралдары арқылы ұрлық жасаған күдікті жайында анықтама алған.

Ұландықтар ұрыны ұстаған.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Суға батып бара жатқан адамды құтқарған батыр

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі ефрейтор Әлішер Асылбеков Ішкі істер министрінің атынан жоғары награда — "Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін" медалімен марапатталды.

Әлішерге бұл медаль жазда жасаған батыл әрекеті үшін берілді.

9 маусым күні сағат 22:45 шамасында Талдықорғанда қаланың жағажайында серуендеп жүрген ефрейтор Асылбеков суға батып бара жатқан әйелді байқап қалады. Ол ойланбастан, дереу көмекке жүгіреді.

Оқиға куәгерлері жедел жәрдем шақырып жатқанда, әскери қызметші суға секіреді де, әйел батып бара жатқан жерге жылдам жүзіп жетеді. Әлі кетпей тұрғанда, әйелді бірден жағаға шығарып, тыныс алуын жеңілдететін, өмірін сақтап қалуға көмектесетін реанимациялық іс-шаралар жасайды.

Ессіз жатқан әйелдің кішкентай ұлы да сол жерде болған, ол анасының жағдайын көріп, қорыққаннан жылай бастайды. Әлішер баланы да полиция мен жедел жәрдем келгенше тыныштандырған.

Менің орнымда кім болса да, дәл осылай істейтін еді деп ойлаймын. Себебі көріп тұрып, әрекет етпеу — мүмкін емес. Қараңғы мен ағыстың қаттылығы жағдайды біраз қиындатты, бірақ азаматты дер кезінде жағаға шығарып үлгердім. Су адамның күшін тез алады, сондықтан тез әрекет ету керек болды. Қауіпсіз жерге шыққан соң да оған алғашқы медициналық көмек көрсете алдым. Ойымда тек аман алып қалу мақсаты болды, - дейді Әлішер.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Автобус жүргізушісін өрттен құтқарды

21 қарашада Ұлттық қорғаныс университетінің 2 курс магистранттары подполковник Серік Жолдыбаев пен майор Жақсылық Боранбаев оқыс оқиға кезінде көмек көрсетті.

Олар түскі үзілістен кейін Жақсылық Үшкемпіров атындағы спорт кешеніне қайтып бара жатып Қабанбай батыр көшесінің бойында қалалық автобустан қалың түтін шығып жатқанын байқайды. Жол жиегіне тоқтаған офицерлер ішінде адам бар-жоғына көз жеткізу үшін автобусқа жүгіріп барады.

Қоғамдық көліктің артқы жағында егде жастағы жүргізуші салонды шарпыған өртті сөндіруге тырысып жатыр екен. Біз дереу әрекет етіп, өтіп бара жатқан көліктерді тоқтатып, өрт сөндіргіштерін сұрап алдық. Жылдам 112 нөмірі бойынша өрт сөндіру қызметін шақырдық, - дейді подполковник Серік Жолдыбаев.

Алайда олар барынша шұғыл әрекет еткенімен, қолда бар өрт сөндіргіштер жалынды ұстап тұру үшін жеткіліксіз болды. Өрттің қарқынын байқаған майор Жақсылық Боранбаев жүргізушіні автобустан ортаңғы есік арқылы шығарып, қауіпсіз қашықтыққа апарды. Осы уақытта подполковник Серік Жолдыбаев автобустың бензин багының жарылуынан қорғау үшін адамдар мен машиналардың қауіпті объектіге жақындамауын өтініп, автобус маңындағы қозғалысты тоқтатты.

Осылайша ұландықтардың жедел әрекеттерінің арқасында адам шығынына жол берілмеді.

Фото: Ұлттық ұланның баспасөз қызметі

Сарбаздар есірткі жасырған жігітті ұстады

8 қараша күні сағат 21.40 шамасында Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінің әскери жасағы қоғамдық тәртіпті сақтау кезінде есірткі жасырған азаматты ұстады.

Әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Нұрдәурен Айтмағанбет пен патрульші қатардағы жауынгерлер Айбек Байтулел мен Тимур Чабиков 8 шағын ауданда қызмет атқару кезінде өзін күдікті ұстаған жас жігітті байқаған. Бұл туралы ұландықтар дереу әскери жасақ бойынша кезекшіге хабарлады. Әскери қызметшілер оның тұрғын үйлердің ауласындағы ағаштардың арасынан бірдеңе іздеп жатқанын байқады.

Ол бізге күдікті болып көрінді. Сосын оған жақындадық. Күдікті азамат қашуға тырысты, бірақ біз оны ұстап алдық. Сол жерден ерекше иісі бар есірткі заты табылды, - дейді ұландық Нұрдәурен Айтмағанбет.

Әрі қарай күдікті оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне берілді.

Ұлттық ұлан сарбаздары – жас ұрпақ үшін патриотизм мен батырлықтың жарқын үлгісі. Халық оларды ерекше құрметтейді. Олардың әрбір қадамы – ел қауіпсіздігін сақтау жолындағы еңбектің белгісі. Ұлттық ұлан сарбаздарының қажырлы еңбегі мен патриоттық сезімі болашақ ұрпаққа үлгі болып, ел қауіпсіздігінің мызғымас кепілі болып қала береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Жасанды интеллект
Өзгелердің жаңалығы