Бейбіт күннің батырлары
Ұлттық ұланның әскери қызметкерлері түрлі жағдайларда азаматтарға қол ұшын беріп, көмек көрсетуге әрқашан дайын. Олар халық қамы үшін басын қатерге тігіп, жан аямай, ерлік жасай алады. Олардың ерліктері өзгелерге де, жас ұрпаққа да үлгі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық ұлан баспасөз қызметінің көмегімен бүгінгі күннің батырлары жайында мәлімет жинадық.
20 тұтқынға қарсы тұрған батыр
Капитан Ербол Есілбайұлы Отарбаев
2010 жылдың 22 маусымында Ақтау қаласындағы түзеу колониясының қарауылы ретінде әскерге шақырылған Ербол Отарбаев қатаң режимдегі колониядан қарумен қашып кеткен жиырмаға жуық тұтқынға жалғыз өзі бетпе-бет қарсы тұрған. Капитан Ербол Отарбаев оқ тиіп, ауыр жарақат алғанына қарамастан өз орнын тастап кетпеген. Ол осы ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылдың 7 желтоқсанындағы № 1117 Жарлығымен 3-дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Жараланса да, берілмеген
Капитан Жандос Камардинұлы Баянбаев
2013 жылғы 5 желтоқсан күні сағат 13:45-те Алматы – Семей бағыты бойынша жоспарлы теміржол қарауылы әкеле жатқан вагонда дәретханаға бармақ болған сотталушы өтірік есінен танып, еденге құлаған. Сол сәтте қаскөй қатардағы Н. Мубараковтың тапаншасын жұлып алып, оған оқ атқан. Осы кезде қарауыл бастығының көмекшісі кіші сержант Жандос Баянбаев өзіне төнген қауіп-қатерге қарамастан батыл әрі жылдам шешім қабылдап, сотталушының қолындағы қаруды қайтарып алған. Оқиға кезінде өзіне де оқ тиген. Кіші сержант Жандос Баянбаев жараланса да, қарауылдың резервтік тобы келгенше сотталған адамды ұстап тұрған. Ол осыдан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 30 сәуірдегі № 813 Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Қару-жарақ қоймасын қорғаған
Лейтенант Бақтияр Қайратұлы Қайырбеков
2016 жылдың 5 маусымы күні Ақтөбе қаласында бір топ қарулы адам екі қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасап, 6655 әскери бөлімінің орналасқан жерін басып алуға тырысты. Ішкі қарауылдың №3 бекетінің күзетшісі ретінде қатардағы жауынгер Бақтияр Қайырбеков басқыншылардың қару-жарақ қоймасына кіруіне мүмкіндік бермей атысқан.
Ол осы бір батыл әрекеті үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 5 желтоқсандағы № 382 Жарлығымен ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
Арыста ерлік көрсеткен әскери
Подполковник Ержан Сүйіндікұлы Баймулдин
2019 жылдың 24 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Түркістан облысының Арыс қаласында болған оқ-дәрілердің жарылысы салдарын жоюға қатысты. Оның басшылығымен қала тұрғындарына үлкен көмек көрсетілді. Сондай-ақ тонау және халық мүлкін ұрлау фактілері тоқтатылды.
Сондықтан ол оқ-дәрілердің жарылуының салдарын жою бойынша табанды іс-қимылдар жүргізуде шебер басшылық жасағаны және қала аумағындағы мектептерді, балабақшалар мен ауруханаларды және Арыс қаласының теміржол вокзалын минадан тазартуға белсенді қатысқаны үшін ҚР Президентінің 2019 жылғы 26 тамыздағы №128 Жарлығымен II дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.
Гуманитарлық көмек жеткізген батырлар
Майор Құрманғали Сатыбайұлы Топанов, аға лейтенант Берікболсын Нұрболатұлы Хабиболла.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сирия Араб Республикасы мен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек көрсету туралы тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық ұлан авиациясы 2023 жылғы 10-26 ақпан аралығында гуманитарлық жүктерді жеткізу бойынша әуеге көтерілді.
Әскери және қызметтік борышын үлгілі орындағаны, сондай-ақ гуманитарлық көмекті жеткізу жөніндегі арнайы міндеттерді орындау кезінде көрсеткен кәсібилігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 24 ақпандағы №131 Жарлығымен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 3656 әскери бөлімінің авиациялық жасағы кемесінің командирі майор Құрманғали Топанов ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, 3656 әскери бөлімнің литерлік авиациялық жасағы кемесінің командирі Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының аға лейтенанты Берікболсын Хабиболла мемлекеттік «Жауынгерлік ерігі үшін» медалімен марапатталды.
Фотолар Ұлттық ұланның баспасөз қызметінен